$ 518.39  603.09  6.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Тарифтердің бір мезетте өсуі күмән тудырды»: депутат мобильді операторларды тексеруді талап етті

Ол тариф құнының 20 пайызға көтерілгенін айтып, проблеманы көтерді

«Тарифтердің бір мезетте өсуі күмән тудырды»: депутат мобильді операторларды тексеруді талап етті
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов ұялы байланыс операторларының абоненттік төлемді 20 пайызға көтеру туралы шешімі қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отырғанын мәлімдеп, премьер-министр Олжас Бектенов пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровқа ресми депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, бүгінгі заманда смартфон халықтың күнделікті өмірінің ең қажет бөлшегіне айналған. Қарапайым азамат үшін телефон мен интернет – тек байланыс құралы емес, жұмыспен қамтылу, ақпаратқа қол жеткізу, мемлекетпен байланыс орнату, баланың білім алуы сияқты негізгі қажеттіліктердің бір бөлігі. Сондықтан тарифтердің бір мезетте көтерілуі миллиондаған қазақстандықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді.

«Бүгінгі таңда смартфонсыз өмірімізді елестету мүмкін емес. Ашығын айтқанда, байланыс құралдары күнделікті тұтынатын азық-түлігіңізден бір де кем болмай тұр. Еліміздегі телеоператорлардың соңғы кездердегі қадамдары ел құлағында жатталып қалған «Самарқанда бір апам бар, бұдан да өткен сорақы» дейтін көне тәмсілді еріксіз еске түсіреді.

Таяуда Қазақстанның ұялы телефон операторлары – Altel, Tele2 и Beeline ұялы телефонның абонент төлемін 20 пайызға өсіретіндігін мәлімдеді. Яғни, аталған операторлар  интернеттің де тарифін 20 пайызға өсіреді деген сөз. Сөз емес, солай ашық мәлімдеді», – дейді депутат.

Жанарбек Әшімжанов атап өткендей, Altel, Tele2 және Beeline компанияларының тарифтерді бір уақытта және бірдей көлемде қымбаттатуы қоғамда үлкен күмән тудырған. Бұл жағдай операторлар арасындағы бәсекенің емес, керісінше мүмкін болатын өзара келісімнің белгісі деген пікірлерді күшейтті.

«Расында, елдегі телоператорлардың бұл қадамы – миллиондаған қазақстандықтың қалтасына салмақ салатын шешім. Өйткені, бүгінде телефон мен интернет – халықтың ақпаратқа қолы жеткізуі, жұмыспен қамтылуы, кәсіпкерлік жүргізуі, баланың білім алуы, мемлекетпен байланыс орнатуы үшін ең маңызды құрал. Яғни тарифтің көтерілуі қарапайым отбасылардың бюджетіне ғана емес, олардың өмір сүру сапасына қол сұғу деп бағалауға тура келеді.

Аталған қадам біздің халқымыздың барлық әлеуметтік топтарының қалтасына «қырғидай тиетіні» анық. Қазақстанның халқының барлығы дерлік ұялы телефонды пайдаланады.

Осы ақпарат шыққалы еліміздің әр өңірінен сайлаушылар хабарласып, әлеуметтік желілерде, қабылдау бөлмелерінде өздерінің шағымдарын білдіруде. «Күнкөріс қиындап тұрғанда, неге байланыс та қымбаттауы тиіс?», «Неге баға бір мезетте көтерілді?» деген заңды сауалдар қойылуда.

Ең қызығы – үш ірі оператордың тарифтерді бірдей көлемде, бір уақытта қымбаттатуы қоғамда үлкен күмән тудыруда. Бұл – компаниялар арасындағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің, астыртын ақылдасудың белгісі емес пе? «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей, осындай қадамдардан кейін «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасын ойлаудың өзі мұң болып қалды...» – дейді депутат.

Депутат мұндай қадамдар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Жеке монополия – мемлекеттік монополиядан да сорақы» деген ескертуге толық сәйкес келетінін жеткізді.

Оның дерегінше, соңғы жылдары байланыс тарифтері 7-57 пайыз аралығында қымбаттаған. Қазақстанда 26,3 млн мобильді жазылым тіркелген, бұл ел халқының санынан да көп. 18,8 млн азамат мобильді интернетті күнделікті пайдаланады. Сондықтан мобильді байланыс – жай қызмет емес, мемлекеттің цифрлық тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс саналады.

Депутаттың айтуынша, бүгінде аймақтардан көптеген азаматтар «неге байланыс тағы да қымбаттауы тиіс?» деген сауалдарын жолдап жатыр. Нарықта нақты балама оператор болмағандықтан, тұтынушы таңдау мүмкіндігінен айырылады, ал баға келісім арқылы жасанды түрде көтерілген жағдайда, азаматтар еріксіз жоғары тарифке көшуге мәжбүр болады.

Осыған байланысты «AMANAT» фракциясы Үкімет пен агенттікке бірқатар нақты ұсыныстар жолдады.

  1. Интернетті жеткізу, тарату секторларын монополиялық келісім фактілері бағытында кешенді тексеру жүргізу қажет.
  2. Үкімет ұялы байланыс нарығын монополиядан арылту шараларын қолға алуы керек. Бұл ретте, мемлекетің қауіпсіздігі мен тұтынушылар мүддесі бірінші кезекте ескерілуі тиіс.
  3. Ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыру үшін мүлдем мобильді интернеті жоқ ауылдаға желіні жеткізу
  4. бойынша нақты жол картасын даярлау.
  5. Аталған компаниялар өздерінің ұялы телефон интернет нарығындағы үстем жағдайын пайдалан отырып, өзара баға жөніндегі келісімнің бар-жоқтығын анықтау керек.
  6. Аталған компаниялар ұялы телефон, интернет  нарығына  заңсыз ерекше құқықа ие.  Бұл ерекше құқықты бұзу үшін осы нарықтағы  нарығына басқа қатысушыларды енгізу қажет, яғни бәсекелестікті арттыру керек.

«Аталған шаралар президент Тоқаев атап өткендей «бағаны тұрақтандырудың» басты факторы болады», – дейді Жанарбек Әшімжанов.

Серіктес жаңалықтары