Қазақстанда ұлттық чип дизайн орталығын құру ұсынылды

Автор: Аягөз Құрмаш

Микросхема жобалауын дамытпай цифрлық егемендікке қол жеткізу қиын

Фото: instagram.com/abutalipm/

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда елімізді толық цифрландыру және жасанды интеллекті жан-жақты дамыту жөнінде стратегиялық міндет қойғанын айтты. Микросхемаларды жобалау және чиптер дизайны саласындағы өз біліктілігімізді дамытпай, бұл мақсаттарға жету мүмкін емес. Осы жайлы депутат сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгінгі таңда микросхемалар тұрмыстық техника мен смартфондардан бастап, қауіпсіздік жүйелері, көлік және мемлекеттік қызметтер көрсету салаларына дейінгі бүкіл цифрлық инфрақұрылымның өзегіне айналды. Бұл бағытты жетілдірмей, шынайы цифрлық егемендік туралы айту қиын. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, чиптер дизайны индустриясын дамыту үшін міндетті түрде өз фабрикаларымыздың болуы шарт емес. Мысалы, өндірістік базасы болмағанына қарамастан британдық ARM компаниясы бүгінде әлемдегі смартфондардың 95%-ның архитектуралық негізін қалыптастырып отыр», - дейді депутат.

Әбутәліп Мүтәлі мысал ретінде нарықтық капитализациясы 4 триллион доллардан асқан NVIDIA компаниясын қозғап өтті. Айтуынша, бұл компанияның да өз өндіріс орындары жоқ, бірақ әлемдегі ең ірі микросхема өндірушісі.

«Қазақстаннан осындай нарықтарға жаңа ойыншыларды шығару – стратегиялық маңызы зор міндет. Қазіргі уақытта елімізде микросхемаларды модельдеу мен сынақтан өткізуге арналған зертханалар, білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы және мемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз, сонымен қатар университеттер мен өнеркәсіп арасындағы байланыс әлсіз. Нәтижесінде біз микросхемаларды импорттауға мәжбүрміз. Алайда ең өкініштісі – жаһандық жартылай өткізгіштер индустриясынан шет қалыпудамыз. Бұл нарықтың көлемі қазірдің өзінде жүздеген миллиард доллармен өлшенсе, бес жылдан кейін 1 триллион долларға, ал 2035 жылға қарай 2 триллион долларға дейін өседі деп болжанып отыр», - дейді Әбутәліп Мүтәлі.

Оның айтуынша, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, үкіметке чиптер дизайны саласын дамыту бойынша кешенді мемлекеттік саясатты әзірлеуді және бекітуді ұсынамын. Үкімет шұғыл әрі нақты шаралар қабылдауы қажет.

«Кешенді мемлекеттік саясат аясында университеттер мен колледждерде зертханалар ашу, микросхемалардың ұлттық дизайн-орталығын құру, жобалау және тестілеу инфрақұрылымын дамыту, ғылыми жобалар мен стартаптарды қолдау, сондай-ақ микросхемаларды жобалау бойынша оқу бағдарламаларын енгізу көзделуі тиіс. Дәл осы базалық инфрақұрылымды құру еліміздің шынайы әрі тұрақты цифрландыруын қамтамасыз етеді», - деді депутат.