«Сырым» өткізу пунктіндегі көпір мәселесі: депутат Үкіметтен шұғыл шешуді талап етті
Өткізу пункті тәулігіне 1500 жүк, 1500 жеңіл автокөлігін өткізе алады
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан Республикасы қауіпсіздік Кеңесінің 2019 жылғы 25 қыркүйектегі хаттамасында жазылған тапсырмаға сәйкес және «Жол картасында» көрсетілгендей Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» өткізу пункті қайта жөндеуге жатқызылған. Бұл мәселе мемлекет басшысының шекарадағы өткізу бекеттерінің инфрақұрылымын жаңғырту, кедендік рәсімдерді жеделдету және көлік-логистикалық тізбектердің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларымен сәйкес келеді. Президент шекаралық пунктердің өткізу қабілетін күшейтуді және халықаралық тасымалдардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуді бірнеше рет атап өткен. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының саяси кеңесі мен аймақтық қоғамдық қабылдауларында шекара инфрақұрылымын жаңарту, жүк тасымалдаушылардың мәселелерін шешу және өткізу бекеттерін цифрландыру бойынша нақты міндеттер қойылған», - деді депутат.
Ол атағандай, бүгінгі күні «Сырым» өткізу пункті тәулігіне 3000, оның ішінде 1500 жүк, 1500 жеңіл автокөлігін өткізе алады.
«Ресеймен шекарадағы «Сырым» (Қазақстан) - «Маштаково»(Ресей) өткізу пунктінде «Таловая» өзені арқылы темір бетон көпірі бар. Ұзындығы 42,78м көпірдің 35 метрі Қазақстан жағында, 7 метрі Ресей жағында орналасқан. «Сырым» өткізу пунктін қайта жөндеу жобасында аталған көпірді қайта жөндеу қаралмаған», - дейді Ізмұхамбетов.
Қазір көпір екі жаққа автокөлік өткізуде өте үлкен қиыншылықтар туғызуда:
- аса үлкен, ұзындығы бірнеше шақырым көлік кептелісі;
- келіспеушіліктер;
- көлік апаттары;
- жүк тасымалдаушылардың кешігуі.
«Бұл екі мемлекеттің де имиджіне нұқсан келтіруде. Өткізу пунктін қайта жөндеу жобасында 12 жол қарастырылған. Бірақ көпір мұндай қозғалысты қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан тезірек мемлекеттер арасында осы көпірді қайта жөндеп, керекті жағдайға келтірудің жолын қарастыруды сұраймыз»,- деді ол.