Оның сапасын қала басшылығы мен ардагерлер кеңесі тексереді
Шымкентте соңғы жылдары қала инфрақұрылымын жаңарту қарқынды жүріп жатыр. Жолайрықтар, жаңа көшелер, кеңейтілген магистральдар, абаттандырылған өзен жағалауы мұның бәрі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкент қаласының көлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбек Қаратау ауданындағы Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынатын жаңа жолайрық жобасымен танысып, маңыздылығын атап өтті.
Аталған нысан дайын болған кезде бұл аймақтағы көлік жүктемесі едәуір азаяды, өткізу қабілеті артады және жол қозғалысы қауіпсіздігі жақсарады. Жолайрық қозғалыс бағытын оңтайландырып, жүргізушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жаңа көшелер ашылып, қала байланысы күшейді
Қаладағы тасымал инфрақұрылымын дамыту аясында Шұбаркөл көшесінің Өтегенов көшесінен Қазиев көшесіне дейінгі, сондай-ақ Қазиев көшесінің Шұбаркөлден Арғынбеков көшесіне дейінгі аралықтарында көлік қозғалысы ашылды.
Жаңа бағыттар қаланың ішкі көше желісін біріктіріп, параллель көшелердегі жүктемені реттеуге септігін тигізеді. Басқармаға жаяу жүргіншілер жолдарын, көрші аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын аяқтау тапсырылды.
Алтынсарин көшесінде кеңейту жұмыстары жүріп жатыр
Қала басшысы Алтынсарин көшесін реконструкциялау барысымен де танысты. Көшені екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту шағынаудандар арасындағы байланыс пен көлік қолжетімділігін арттыратын маңызды қадам. Бұл Бәйдібек би даңғылындағы кептелістерді азайтуға көмектеседі.
«Астана» алаңындағы ашық аспан астындағы екі мұз айдыны және «Мұз сарайы» маңындағы жаппай сырғанау алаңы ресми түрде іске қосылды. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары үшін тегін сырғанау мүмкіндіктері ұйымдастырылған.
Ардагерлер кеңесі инфрақұрылым нысандарын аралады
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі мен Қоғамдық кеңес мүшелері Кенжехан Төлебаевтың бастауымен қаладағы бірқатар маңызды инфрақұрылымдық нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Бұл шараның негізгі мақсаты – құрылыс сапасын бақылау, жұмыстың жоспарға сай жүзеге асуын қадағалау және қаланың даму қарқынын көзбен көру болды.
Алғашқы нысан ретінде Қонаев даңғылы жалғасының 2-кезеңі қаралды. Ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын бұл жол бөлігі стратегиялық маңызға ие. Түркістан көшесінен Терешкова көшесіне дейін созылатын жаңа учаскеде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, көлік қозғалысы ресми түрде ашылған. Қазіргі таңда мердігер компания дайындалған нысанды тапсыру бойынша қабылдау жұмыстарын жүргізуде.
Ардагерлер мен қоғам белсенділері жол құрылысын аралау барысында жаңа даңғылдың қаладағы көлік ағымын жеңілдетуге айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті. Бұрын бұл аймақта күнделікті кептеліс жиі орын алатын, ал қазір жол кеңейтіліп, қосымша өткелдер мен инженерлік инфрақұрылым орнатылғандықтан, көлік қозғалысы айтарлықтай реттелген.
Мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов құрылыс сапасын көзбен көріп, оң бағасын берді.
«Халықтың көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасалып отыр. Бұрын бұл жерде кептеліс көп болатын, қазір мәселе жоспарлы түрде шешіліп келеді. Қаланың әр көшесінде серуендеуге мүмкіндік беретін орындардың көбеюі де қуантады. Инфрақұрылым қала тұрғындарының жайлы өмір сүруіне тікелей әсер етеді, сондықтан бұл жұмыстар өте маңызды»,- деді ол.
Ардагерлер кеңесі мүшелері алдағы уақытта да осындай нысандарды аралап, қала дамуына үлес қосуды жалғастыратынын жеткізді.
Қошқар ата өзені жағалауы жаңарды
Ардагерлер Әл-Фараби ауданындағы Қошқар ата өзенінің Жангелдин көшесіне дейінгі абаттандыру жұмыстарымен танысты. Биыл 3,5 шақырым аумақты абаттандыру жобасы жүзеге асырылды.
Жұмыстар аясында:
Жобаға жалпы 1 млрд 400 млн теңге бөлінген.