Ол Қазақстанның бірнеше өңірінің тұрғындарын алдаған болып шықты
Қосшыда «Б» азаматы автокөлік бөлшектерін сату және жылдам жеткізу туралы онлайн-платформада жалған жарнама жасап, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы тұрғындарының қаражаттарын жымқырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қосшы қаласы прокуратурасының нұсқауымен алаяқ ұсталып, оның іс-әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 4) тармағымен (бірнеше рет жасалған алаяқтық) сараланды.
«Күдікті алаяқтықты казинода ұтылған ақшадан туындаған қарыздарға байланысты жасағаны белгілі болды.
Сондықтан прокуратура азаматтарды барлық ақпаратты мұқият тексеріп, бейтаныс адамдардың түрлі қаржылық операцияларды онлайн режимінде жүзеге асыру туралы ұсыныстарын сынға алуға шақырады», – делінген прокуратура хабарламасында.