Қостанайда жас жігіт әкесінің көлігімен дрифт жасап, полициядан қашты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Полицейлер қауіпті жүргізушіні тоқтату үшін қызметтік көлікпен жолды бөгеді

Фото: istockphoto.com

Қостанай облысында полицейлер қауіпті маневр жасаған жүргізушіні тоқтату үшін жолды қызметтік автокөлікпен бөгеді. Резонансты оқиға 7 желтоқсан күні кешке Құнай кентінде болды, деп жазады Azattyq Rýhy агенттігі Qostanay.tv-ге сілтеме жасап.

Патруль қызметкерлері жолда дрифт жасап, басқа жүргізушілерге қауіп төндірген Volkswagen автокөлігін байқайды. Полицейлердің тоқтау туралы заңды талабын жүргізуші елемей, жылдамдығын арттырып, сыртқы жарықтандыру құралдарын өшіріп, қашпақ болған.

Инспекторлар жедел әрекет етіп, қызметтік көлікпен оның жолын бөгеп барып тоқтатты. Оқиға кезінде ешкім зардап шеккен жоқ.

Тексеру барысында рөлде 20 жастағы, жүргізуші куәлігінсіз жүрген жігіт болғаны анықталды. Ол көлікті әкесінен рұқсатсыз алып кеткен.

Құқық бұзушыға қатысты төрт әкімшілік іс қозғалды:

  • маневр жасау ережесін бұзу;
  • тоқтау талабының орындалмауы;
  • жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару;
  • қараңғы уақытта жарықтандыру құралдарын пайдаланбау.

Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.