Министр жалпы наркозбен баласының бірнеше тісін емдейтін ата-аналарға ескерту жасады
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова соңғы уақытта жекеменшік тіс емханаларында балаларға жалпы наркозбен бірнеше тісті бір мезетте емдеу фактілеріне қатысты шағымдар көбейгенін мәлімдеді. Ол бұл мәселеге байланысты ведомствоның ұстанымын егжей-тегжейлі түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, балаларға жалпы анестезия қолдану – тек қатаң медициналық көрсетілімдер бойынша жүзеге асырылатын күрделі емшара. Сондықтан клиниканың мәртебесіне қарамастан, мұндай манипуляциялар тек білікті анестезиологтың қатысуымен, тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілген жағдайда және анестезиологиялық, реаниматологиялық стандарттарды сақтай отырып жүргізілуі тиіс.
Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша еліміздегі стоматологиялық ұйымдарға – барлығы 622 нысанға жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп жатыр. Қазіргі жағдай бойынша 290 тексеру тіркелген: оның 135-і аяқталған, 103-і әлі де жалғасуда, 52 нысан қызмет істемегендіктен тіркеуден алынған, 26 клиника тексеруге дайындық кезеңінде тұр.
Өңірлер прокуратурасы ұсынған 316 нысанның ішінде 34 клиника МӘМС/ТМККК шеңберінде қызмет көрсетсе, 282 ұйым толықтай ақылы түрде жұмыс істейді.
Ақмарал Әлназарова жалпы анестезияның «ыңғайлы опция» емес екенін, керісінше ерекше сақтықты талап ететін медициналық араласу екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұзақ наркоз және ауқымды, бір мезетте жүргізілетін емдеу баланың жүрек-қантамыр, тыныс алу және жүйке жүйелері тарапынан асқыну қаупін арттырады.
Министр кейбір клиникалардың ата-аналарға коммерциялық жағынан тиімді ұсыныс жасайтынын – «барлық тісті бір ретте емдеу» секілді қызметтерді алға тартып отырғанын айтты. Алайда мұндай тәсіл тек дәлелденген медициналық көрсеткіштер болған жағдайда ғана орынды екенін ескертті.
«Ата-аналарды ерекше мұқият болуға шақырамын. Мұндай процедураларға келісім бермес бұрын, тәуекелдер, көрсеткіштер және оның жүргізілу шарттары туралы толық әрі ашық ақпаратпен танысу қажет. Баланың қауіпсіздігі – әрқашан бірінші орында. Денсаулық сақтау министрлігі бұл қағидатты қатаң ұстанатын болады», – деді Ақмарал Әлназарова.