Астанада таңертеңнен бері 100-ге жуық жол апаты болды: полиция жүргізушілерге үндеу жасады

Автор: Асыл Арман

Полиция жүргізушілерге қауіпсіздік талаптарын ескертті

Фото: Астана ПД

Астанада ауа райының қолайсыздығы жүргізушілерге қиындық тудырып отыр. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, таңертеңне бері қалада 93 жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қардың қалың жаууы, көрінудің төмендеуі және көктайғақ жолдарды ерекше қауіпті етеді. Осыған байланысты құқық қорғаушылар барлық жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік шараларын сақтауға, жылдамдық режимін қатаң ұстануға, көліктер арасындағы қашықтықты ұзартуға, күрт маневрлерден, күтпеген жерден тежегіш басудан бас тартуға, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелі мен қиылыстарға жақындағанда алдын ала жылдамдықты төмендетуге шақырады.

«Сонымен бірге көліктің техникалық жай-күйіне ерекше назар аудару қажет. Қыс мезгілінде көлікті тек қысқы шиналармен пайдалану мүмкін екенін ескертеміз. Бұл талаптарды бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Астананың полициясы жол жағдайын бақылауды жалғастырып, мынадай ескерту жасайды: жолдағы қауіпсіздік әр жүргізушінің жауапкершілігіне тікелей байланысты. Абай болыңыздар, ауа райын ескеріп маршруттарыңызды жоспарлаңыздар және жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар», – делінген хабарламада.