Өткен жылы солтүстікқазақстандықтар полицияға 109 қару өткізген
Петропавл полицейлері заңсыз қаруды сатып алу акциясын бастады. Карантинге байланысты науқан онлайн форматта өткізілмек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Акцияға қатысуға ниет білдірушілер полиция бөлімдеріне телефон арқылы хабарласып, өтініш қалдыра алады. Ал тәртіп сақшылары көрсетілген мекенжайға барып, қару мен оқ-дәрілерді алып, иелеріне сыйақы табыстайды.
«Полиция бөлімдеріне барудың қажеті жоқ, қару тапсыруға ниетті солтүстікқазақстандықтар барлық сұрақтарына 8 (7152) 49-37-49 және 8 (7152) 39-48-66 телефон номерлері бойынша жауап алуларына болады», - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев.
Қару-жарақтарды бағалау айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне байланысты жүргізіледі.
«Тіркелмеген қару қылмысқа итермелеуі ықтимал. Акцияның мақсаты – қарулардың криминалдық ортаға өтіп кетуіне, қару қолданып қылмыс жасауға жол бермеу. Сондықтан, акция шеңберінде заңсыз сақтағаны үшін қару иелеріне қатысты қылмыстық және әкімшілік қудалау болмайды. Бір ғана шарт: қарудың криминалдық тарихының болмауы. Ол үшін тапсырылған әр қару құқық қорғау органдарының есептері бойынша қажетті тексерістен өтеді», -дейді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев.
Сонымен қатар, қару үлгілері үш санаттың бірін анықтайтын сараптамадан өткізіледі. Бірінші санатқа мінсіз жағдайдағы қару жатады. Екінші санат – бұрын қолданған, пайдалануға жарамды қару, ал үшінші санатқа атуға жарамсыз қару жатады. Сондай-ақ, қарудың бағасы ойық немесе тегіс ұңғылы болуына қарай анықталады.
Өткен жылы солтүстікқазақстандықтар полицияға 109 қару өткізген, оның 13-і ойық, 95-і тегіс ұңғылы және 1-і травматикалық қару сондай-ақ 5,6 мм калибрлі 700 оқ-дәрі тапсырған. Қару тапсыруға 90-нан астам адам ниет білдіріп, оларға 6 млн теңгеден астам өтемақы берілген.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО