Ақмола облысында полиция инспекторының өлімі тергеліп жатыр

Автор: Дәулет Ботагөз

Оны көлік жүргізушісі қағып кеткен

Фото: полиция департаменті

Ақмола облысында қызметтік міндетін орындау кезінде патрульдік полиция инспекторының қаза болу фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қайғылы оқиға 7 желтоқсан күні тасжолда болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Апат қалай болды?

Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қасіретті оқиға 7 желтоқсанда Астана – Ерейментау – Шідерті автожолында болған.

Алдын ала анықталғандай, «Тойота Камри» маркалы автокөлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп тұрған полиция инспекторын қағып кеткен.

Полиция инспекторы сол сәтте жүргізушілерге жолдағы қауіп, жылдамдықты төмендету және жолдың тарылғаны туралы ескертіп тұрған.

Тергеу басталды

Полиция департаменті қаза тапқан қызметкердің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.

Ведомство бұл факті бойынша мұқият және объективті тергеу жүргізілетінін мәлімдеді. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы мен жүргізушінің кінәсі анықталады.