Алматы облысында мектеп мұғалімі оқушының құлағынан тартып, қолынан ұрған (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Жағымсыз оқиға Көлащы ауылында болды

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Қарасай ауданына қарасты Көлащы ауылындағы орта мектеп мұғалімінің оқушыға күш көрсеткені туралы ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған ақпарат түскен сәтте облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімі және мектеп өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылып, жедел түрде қызметтік тексеріс жүргізілді.

Тексеру нәтижесінде 2025 жылғы 4 желтоқсанда сағат 11:35 шамасында мектептің №36 кабинетінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі кәмелетке толмаған оқушыға күш қолданып, қатігездік көрсеткені анықталды. Оқиға сәті оқушының сыныптасы тарапынан ұялы телефонға түсірілген.

«Анықтау барысында мұғалім өзінің әрекетін мойындап, түсініктеме берді. Оның өз өтініші негізінде 2025 жылғы 4 желтоқсандағы №179 бұйрықпен еңбек шарты бұзылып, жұмыстан босатылды. Оқушы денсаулығына ешқандай залал келмегені нақтыланды. Материалдар Қарасай аудандық полиция басқармасына жолданып, аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігіне (кәмелетке толмағанға қатыгездік көрсету) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Балалардың қауіпсіздігі – Білім басқармасының басты назарында. Оқу орындарында мұндай жағдайларға жол бермеу мақсатында ата-аналармен және оқушылармен түсіндіру жұмыстары күшейтілуде», – делінген Білім басқармасы хабарламасында.