Ақтөбе облысына биыл 892 млрд теңге инвестиция тартылды – Асхат Шахаров

Автор: Асыл Арман

Өңірде инвестициялық форум өтті

Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Ақтөбе халықаралық серіктестік пен жаңа мүмкіндіктердің қайнаған алаңына айналды. Өңірде «AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы өтіп, әлемнің 20 елінен келген өкілдер мен жеті мемлекеттің елшілері бас қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құрылған алаң – ашық диалогқа, тәжірибе алмасуға және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға арналған маңызды мүмкіндік болды.

«Алқалы жиынға қатысқан әр шетелдік және отандық әріптестерімізге алғыс білдіремін! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, инвестиция тарту – тек орталық емес, өңірлік биліктің де басты міндеті. Сондықтан біз әр инвесторды қолдап, әр жобаны бастан-аяқ сүйемелдеуге дайынбыз.

Біз Ақтөбемен әрқашан мақтанамыз. Аймақ – өндірісі мен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, логистикасы жағынан еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Табиғи ресурстарға бай, инфрақұрылымы дамыған, географиялық орналасуы тиімді», – дейді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Биыл өңірге тартылған инвестиция көлемі 892 млрд теңгеге жетті. Аталған форум аясында 17 құжатқа қол қойылып, жалпы сомасы 448 млрд теңгені құрайтын жаңа келісімдер бекітілді. Жыл соңына дейін өңірге тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асады деп күтіліп отыр.

«Облысымызға қаржы құюға ниетті әрбір инвесторға бірнеше жеңілдік қарастырылған. Ал 858 га аумақта халықаралық әуежай маңында құрылған Арнайы экономикалық аймақта 40-тан астам жобаны қабылдауға әзір.

Осы форумда бастау алған әріптестік байланыстар алдағы уақытта нақты жобаларға ұласатынына сенімдімін. Біз инвесторлар үшін ашық, қолайлы және сенімді орта қалыптастыруды жалғастырамыз. Ақтөбе – мүмкіндіктер мекені, ал біздің басты мақсат – осы мүмкіндіктерді бірге жүзеге асыру. Бірлескен еңбегіміз өңірдің өркендеуіне тың серпін берсін», – дейді облыс басшысы.

Тегтер: