«Таза бейсенбі»: «AMANAT» партиясының экологиялық бастамасы еліміздің барлық өңірін қамтуда
Тұрғындар, волонтерлер және қоғамдық ұйымдардың қатысуының арқасында акция бүкіл Қазақстанды қамтуда
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында еліміздің барлық өңірінде «AMANAT» партиясы жүзеге асырып отырған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтуде. Бұл іс-шара аясында тұрғындар елді мекендерді, саябақтарды, көшелер мен қоғамдық аумақтарды тазартуға бірігіп, санитарлық жағдайды жақсартуға және экологиялық мәдениетті нығайтуға үлес қосуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысында «Таза бейсенбі» акциясы Самар ауданында өтті. Тазалық жұмыстарына 35-тен астам адам қатысты. Олардың қатарында ауыл әкімдігі өкілдері, мәдениет үйінің қызметкерлері, жастар және жергілікті ұйымдар болды. Акция барысында Мәдениет үйінің аумағы, орталық көшелер, жаяу жүргіншілер жолы мен қоғамдық демалыс орындары тазартылды. Бұл жұмыстың нәтижесінде ауылдың санитарлық жағдайы жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасты.
Түркістан облысы Шәмші ауылында «Таза бейсенбі» акциясы Шәмші Қалдаяқов атындағы саябақ аумағында өтті. Биыл композитордың туғанына 95 жыл толуына орай, акция ерекше мәнге ие. Сондықтан партия мүшелері бұл акцияны Шәмші мұрасының рухани жалғасы, туған топырақты қадірлеудің нақты көрінісі ретінде бағалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, абаттандыру мен көгалдандыру – ұлы тұлғаға құрметтің бір көрінісі әрі туған жерді таза ұстаудың белгісі.
«Таза бейсенбі» акциясын қазақтың кең даласына әннің нұрлы сәулесін себелеп өткен Шәмші Қалдаяқов саябағында өткізіп отырмыз. Ұлт мақтанышының есімін иеленген орта әдемі, ұқыпты, таза болуы керек. Әннің мөлдір бұлағын қалдырған ұлы тұлғамыз жайлы тазалық биігінен естелік айтып, рухани биіктік тұрғысынан ой қорытуымыз қажет. Таза Қазақстанның өзегі – таза жүректе, таза ниет пен таза табиғатта», – деді «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреқызы.
Акция барысында саябақ аумағы, оған іргелес көшелер мен қоғамдық орындар тазартылды, жас көшеттер отырғызылды, арықтардағы жапырақтар шығарылды, жас ағаш өскіндерінің түптері аязды күндерден қорған болуы үшін бекітілді, су жиналатын аумақтар тегістелді.
Ақтөбе облысының Қарғалы ауданына қарасты Бадамша ауылында да «Таза бейсенбі» акциясы жалғасын тапты. «AMANAT» партиясы мүшелері, волонтерлер мен ұйым қызметкерлері көшелер мен жол жиегін тазартуға қатысты. Нәтижесінде шамамен 2 тонна қоқыс шығарылды.
Атырау облысы Махамбет ауылында акция аясында 220 көшет отырғызылды. Аудандық филиал төрағасы Руслан Аженовтің айтуынша, әрбір отырғызылған ағаш – өңірдің көгалдануына қосылған үлес және келер ұрпаққа қалатын игі мұра.
Шымкентте кезекті «Таза бейсенбі» акциясы Абай саябағында өтті. Іс-шараға 50-ге жуық адам – қалалық және аудандық филиалдардың қызметкерлері, «Жастар Рухы» белсенділері және коммуналдық қызмет мамандары қатысты. Олар қураған ағаш бұтақтарын, шөп қалдықтарын, сондай-ақ тұрмыстық қоқысты жинады. Жыл басынан бері «Таза бейсенбі» акциясы 49 рет ұйымдастырылып, көпқабатты үйлердің аулалары мен көшелерден 46 тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Тазалық жұмысына жалпы 4000-нан астам тұрғын атсалысқан.
«Тұрғындар тазалықты тек акция кезінде ғана емес, күнделікті әдетке айналдырудың маңызын түсіне бастады. Қала – бәріміздің ортақ үйіміз. Оны таза ұстау – әр азаматтың борышы», – деді «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов.
Жетісу облысының Панфилов ауданында «Таза бейсенбі» акциясы тұрғындар, волонтерлер және белсенділерді біріктірді: 40-қа жуық адам үш тоннадан астам қоқыс жинады. Экоакция аясында саябақтар, жол жиектері және қоғамдық орындар тазартылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тазалық тек қана қоршаған ортаны жинаумен шектелмейді, ол – экологиялық сана мен жауапкершілікті қалыптастырудың жолы. «Таза бейсенбі» адамдардың бірлігін күшейтіп, табиғатты таза сақтауға деген ұмтылысын арттырады. Аудандық филиал алдағы уақытта мектептер мен ұйымдарда экологиялық сағаттар өткізіп, осы игі іс-шараға қатысушыла санын арттыруды жоспарлап отыр.
«AMANAT» партиясы ұйымдастырып отырған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы – тазалық пен тәртіпке деген қамқорлық бір реттік бастама емес, маңызды қоғамдық миссия екенін көрсетеді. Тұрғындар, волонтерлер және қоғамдық ұйымдардың қатысуының арқасында акция бүкіл Қазақстанды қамтуда. Отырғызылған ағаштар, тазартылған көшелер мен абаттандырылған саябақтар – өңірлердің экологиялық болашағын жақсартуға бағытталған маңызды үлес.