Отандық әдебиеттегі үздік 100 кітап анықталып, кеңінен насихатталып жатыр
Елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда «AMANAT» партиясы ұйымдастырған дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы қорытындыланды. Биыл байқау Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев руханиятқа ерекше көңіл бөлетінін жақсы білесіздер. Президентіміз халқымыздың озық ойлы, интеллектуалды ұлт болғанын қалайды. Бұл туралы Ұлттық құрылтайларда, басқа да жиындарда үнемі айтып та жүр. Ендігі жас толқынның міндеті – кешегі қазақ әдебиеті жеткен биіктен аласармау, жаңа көкжиекке ұмтылу. Ал біздің міндетіміз – осы жастарға қолдау көрсету, жолын ашу. Бүгінгі «Ұлы дала» байқауы – соның жарқын көрінісі, «AMANAT» партиясының қазақ руханиятына қосып жатқан бір үлесі», – деді Ерлан Қошанов.
Партия Төрағасы таяуда Президент Жарлығымен ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілгенін еске салды. Осы маңызды құжатта Абайдың «Қара сөздері» ұлттық кітап нышаны ретінде айқындалды. Сондықтан бұл байқау ұлы қаламгер шығармашылығының терең мазмұны мен айрықша маңызын ашуға бағытталып, көпшіліктің қызығушылығын оятты.
Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясы тарапынан әдебиетті қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, Мәжілістегі партия фракциясы көтерген бастама нәтижесінде жаңа Салық кодексінде отандық баспагерлер үшін қосымша құн салығы алынып тасталды. Бұл қадам кітаптарды оқырманға барынша қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Кітап оқитын ұлт» бастамасы мен «Кітап-АМАNAT» жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осындай іс-шаралар арқылы азаматтардың бойында кітап оқу мәдениеті қалыптасып, кітапқа деген құрметі артады.
Ең бастысы, бүгінде ел азаматтары кітап оқу ісіне жоғары қызығушылық танытуда. Соның жарқын көрсеткіші ретінде биыл 11 айда кітапханаларға 37 миллион адам барды. Олардың орташа жасы – 17-25.
Сондай-ақ «Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы» арнайы сыйлығын – Ұларбек Дәлейұлы, «Алаш аманаты» арнайы сыйлығын – Әділет Жағыпар, «Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы» арнайы сыйлығын – Анар Абдуллина иеленді.