МИ-2 мен АН-2 бөлшектері бойынша жасалған жалған схемалар әшкереленді
Ақтөбе облысында «Авиажөндеу зауыты №406 ГА» АҚ-ның бұрынғы басшысына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдікті қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, әуе кемелерін жөндеуге арналған тауарлық-материалдық қорларды заңсыз есептен шығару схемасын ұйымдастырған.
МИ-2 тікұшақтарына, АН-2 әуекемелеріне және қозғалтқыштарға арналған агрегаттар мен қосалқы бөлшектерді жалған сатып алу тиесілі бақылауындағы компаниялар арқылы жүргізілген.
«Зауыттың құжаттарында аталған агрегаттар қоймадан алынған және күрделі жөндеу кезінде авиациялық техникаға орнатылған ретінде көрсетілген, бірақ іс жүзінде қолданылмаған. Кейіннен олардың пайдаланылғанын формалды түрде растайтын есептен шығару актілері бекітілген.
Мемлекетке келтірілген шығын 110 млн теңгені құрады.
Сот санкциясымен күдіктіге тиесілі 2 пәтер мен жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.