Қайғылы оқиға Қайыңды-Саты тас жолында болды
Алматы облысының Кеген ауданындағы Қайыңды-Саты тас жолында жол-көлік оқиғасынан филиппиндік турист қаза болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде оқиға туралы ақпарат пен видео жарияланды.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 30 қараша күні Қайыңды-Саты автожолы бойындағы 4 км шақырымда болған.
Полицияның мәліметінше, Toyota Sequoia көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, автокөлік жолдан шығып аударылып қалған. Апат салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бес адам әртүрлі дәрежедегі жарақатпен аудандық ауруханаға жеткізілген.
«Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Полиция департаменті.