«AMANAT»: 11,5 млн еңбекке қабілетті азаматтың жартысы ресми тіркелмеген жұмыспен айналысады
Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңесінде еңбек нарығындағы ресми статистика мен нақты жағдай арасындағы алшақтыққа назар аударылды
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Қазақстандағы ресми жұмыссыздық көрсеткіші 4,6%-ды құрайды. Яғни елімізде 451 515 адам жұмыссыз жүр. Алайда 11,5 миллион еңбекке қабілетті азаматтың 5,2 миллионы ресми тіркелмеген жұмыспен айналысады немесе мүлде жұмыс істемейді. Осы жағдай «AMANAT» партиясының Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңесінде талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялған болатын. Осы орайда Астанада «Жұмысшы мамандықтары жылы: еңбек нарығындағы жастар мәселесі» тақырыбы талқыланды. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері, сарапшылар және қоғам белсенділері қатысты.
Жиынды ашқан Мәжіліс депутаты, Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңес төрағасы Нартай Сәрсенғалиев еңбек нарығындағы ресми статистика мен нақты жағдай арасындағы алшақтыққа назар аударып, жастарды жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі төмен екенін атап өтті.

«Еңбек нарығындағы ресми деректер шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстанда еңбекке қабілетті адамдар саны 11,5 млн болса, оның 5,2 млн-ы ресми тіркелмеген немесе заңсыз жұмыспен айналысады. Осыдан-ақ Қазақстан халқының 4,6 пайызы жұмыссыз деген ресми деректің шындыққа сәйкес келмейтінін көруге болады. Осы мәселені шешу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске асырып отырған субсидиялық бағдарламалардың тиімділігі төмен: 2024 жылы 180 мың адамға қаражат бөлінсе, оның тек 26 мыңы ғана тұрақты жұмысқа орналасты. Сол сияқты «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысқан 33,3 мың жас қазақстандықтың тек 7,4 мыңы ғана тұрақты жұмыспен қамтылған. Биылғы жыл жұмысшы мамандықтарына арналғанымен, жастар бойынша нақты нәтижелер мен әлеуметтік қолдау әлі де жеткіліксіз», – деді ол.
Бұл ретте «AMANAT» партиясының хатшысы Александр Данилов еңбек нарығындағы жастардың үлесін арттыру бағытында партия тарапынан атқарылып отырған негізгі жұмыс туралы баяндады.

«Жұмысшы мамандықтары жылы» – еліміздегі жұмысшы жастардың мәртебесін көтеруге, өндіріс өкілдеріне деген құрметті арттыруға бағытталған кешенді бастама. «Жұмысшы жастар аманаты» жобасы аясында өңірлерде форумдар мен еңбек нарығының өзекті мәселелерін ашық талқылау алаңдары ұйымдастырылды. Атырау қаласында өндірістік мәселелер көтерілді, Жамбыл облысында жас мамандар сұраныс пен ұсыныс теңгеріміне қатысты сұрақтарды талқылады. Ал Шымкент қаласындағы форумдар жас мамандардың жоғары әлеуетін, олардың біліктілігін және кәсіби дамуға деген дайындықтарын көруге мүмкіндік берді. Партия қосымша білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету және жұмысшы жастарға жаңа әлеуметтік лифт қалыптастыру бағытында кәсіпорындардағы жастар кеңестерімен өзара жұмысты жалғастырады», – деді ол.
Партия хатшысы «AMANAT» партиясы жыл бойы ел аумағында «Жастарға жұмыс» жобасы арқылы кең көлемді бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізгені туралы айтты. Нәтижесінде, 5000-нан астам жас тұрақты жұмысқа орналасуға ұсыныс алды. Оның айтуынша, жоба аясында өндіріс орындарында жастар қозғалыстарын дамыту, волонтерлік, спорттық және білім беру бастамаларын кеңейту, жастардың қоғамдық өмірге қатысуын күшейту бағытында ұсыныстар жинақталып, жүйелі жұмыс басталған. Сондай-ақ ол «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастыруымен биыл 5-рет өтетін «РУХТАСТАР» жастар сыйлығының маңызын да атап өтіп, әсіресе «Ыстық қайрат» номинациясы еңбек адамын дәріптеуге айрықша үлес қосып отырғанын айтты.

Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Келешек» бағдарламасы іске қосылып, екінші деңгейлі банктер арқылы 50 мыңнан астам шот ашылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ата-аналардың балалар келешегін жоспарлауға мүмкіндік береді.
«Білім беру бағдарламаларының мазмұны кәсіби стандарттар негізінде әзірленіп отыр. Бүгінде жоғары білім саласында 8 мыңнан астам бағдарлама бар. Олардың 87 пайызы еңбек нарығының талабына сай жаңартылды. Аймақтарда «Мамандығым – болашағым» жобасы жүзеге асырылып, өңірлік салалық атластар әзірленуде. Биыл 14 өңірде 27 сала бойынша атластар жаңартылып, 500-ден астам жаңа кәсіп айқындалды», – деді ол.
Сонымен қатар жиынға қатысқан қоғам белсенділері жастарды еңбек нарығына дайындауға байланысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Еркін пікір алмасу форматында өткен талқылауда қатысушылар еңбек дағдыларын қалыптастыру, кәсіби бағдар беру және жастарға арналған әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру жөніндегі бастамаларды талқылады.
Отырыс соңында кеңес төрағасы Нартай Сәрсенғалиев жұмысшы мамандықтарды насихаттау, жастарды сапалы біліммен және тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейту қажет екенін атап өтті.