Президент көрнекті ғалым Жабайхан Әбділдиннің отбасына көңіл айтты

Автор: Асыл Арман

Елімізде диалектикалық логика мектебінің негізін қалаған белгілі ғалым Жабайхан Әбділдин өмірден өтті

Фото: YouTube/24kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ғалым, белгілі қоғам қайраткері Жабайхан Әбділдиннің отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент Мемлекеттік сыйлықтың, «Парасат» және ІІ, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Жабайхан Әбділдиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

«Жабайхан Мүбәрәкұлы философия ілімінің өрісін кеңейткен күллі ғылым қоғамдастығына танымал ғалым, ұлтжанды тұлға еді. Ұстаздық жолында сүбелі еңбектер жазып, зерделі шәкірттер тәрбиеледі. Ел егемендігін нығайтуға елеулі үлес қосып, іргелі істерге белсене атсалысты», – деп жазылған жеделхатта.

Айта кетейік, осыған дейін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, еліміздегі диалектикалық логика мектебінің негізін қалаған белгілі ғалым Жабайхан Әбділдин өмірден өткені хабарланған.