Диалектикалық логика мектебінің негізін қалаған белгілі ғалым өмірден өтті
Министр оның отбасына көңіл айтты
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, еліміздегі диалектикалық логика мектебінің негізін қалаған белгілі ғалым Жабайхан Әбділдин өмірден өтті, деп жазады Azattyq Ryhy.
«Ардақты ағамыздың отбасы мен ағайын-туыстарына қайғыра көңіл айтамын. Жабайхан Мүбәракұлы отандық философияның, әсіресе диалектикалық логика мектебінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға, пайым-парасаты биік абзал азамат еді. Ол көптеген ғылыми еңбектер жазып, білімді де білікті шәкірттер тәрбиелеп, тұтас ғылыми мектептің қалыптасуына жол ашты. Оның зерделі зерттеулері мен ұлт үшін жасаған қызметі ел жадында мәңгі сақталады деп сенемін. Марқұмның барша туған-туысқандарына сабыр мен күш-қуат тілеймін! Алла Тағала артында қалған ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін! Жатқан жері жарық, топырағы торқа, иманы саламат болсын!» - деп жазды мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.