Жетісу облысында жеке сот орындаушыларының 1 млрд теңгеге жуық ақшаны қалай жасырғаны анықталды
Олар жеке табыс салығы бойынша тапсырылған декларацияда кірістерін айтарлықтай төмендеткен
Жетісу облысының прокуратурасы жүздеген миллион теңгеге жасырылған кірістерді анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Талдықорған қаласының прокуратурасы жеке сот орындаушыларының (ЖСО) 2023 жылға арналған 240.00 нысаны бойынша жеке табыс салығы бойынша тапсырылған декларацияда кірістерін айтарлықтай төмендету фактілерін анықтады.
Мұндай «көлеңкелі» тәжірибе салық заңнамасын ғана емес, адал салық төлеушілерге қатысты әділдік қағидаттарын да бұзады.
Статистикалық деректерге сәйкес, аяқталған атқарушылық өндірістердің нақты көлемі 896,1 млн теңгені құраса, ал ұсынылған салық декларацияларында бар болғаны 231 млн теңге ғана көрсетілген. Айырмашылық 665,1 млн теңгені құрайды.
«Қала прокуратурасының енгізген ұсынуының нәтижесінде үш ЖСО қосымша салық декларацияларын тапсырып, соның негізінде 2,6 млн теңге көлемінде қосымша салық төледі.
Ұқсас бұзушылықтар 17 ЖСО-да анықталған. Бүгінгі уақытта прокурорлық қадағалау актісін орындау мақсатында уәкілетті орган ЖСО салық берешегін өндіріп алу шараларын қабылдауда», – делінген прокуратура хабарламасында.