$ 508.2  589.82  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Атырауда мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған үйлер қирап қалудың алдында тұр

Проблема «AMANAT» партиясының бақылауына алынды

Атырауда мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған үйлер қирап қалудың алдында тұр
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Атырау қаласына қарасты Талғайраң-2 ауылында мемлекеттік бағдарлама аясында салынған тұрғын үйлердің сапасына байланысты мәселе «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының тікелей бақылауына алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тұрғындар жуырда партия филиалының қоғамдық қабылдауына жүгініп, ипотекалық негізде 2019-2020 жылдары алған үйлерінің қабырғалары бірнеше жыл өтпей-ақ жарылып, қасбеттері мен ішкі бөліктері бүлінгенін айтып шағымданған болатын. 2023 жылғы су тасқыны кезінде ақаулар күшейіп, кейбір үйлер тұруға жарамсыз күйге түскен.

Осы шағымға байланысты партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нәсіп Шалабаева, инспектор Абзал Мақсотұлы, комиссия мүшелері, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Арнат Оңдасынов және мердігер мекеме өкілдері ауылға барып, тұрғындармен кездесті.

Комиссия мүшелері ақауы бар үйлерді аралап, қабырғалардың жарылуы, едендердің шөгуі секілді негізгі мәселелерді өз көздерімен көрді. Жаңа ғана пайдалануға берілгеніне қарамастан, үй сапасының талапқа сәйкес келмейтіні айқын байқалды.

Қазіргі таңда аталған аумақта салынған 60 үйдің 48-інде жарықтар анықталған. Қалалық құрылыс бөлімінің мәліметінше, бұл үйлердің құрылысына мемлекеттен 1,7 млрд теңге бөлінген.

Бөлім басшысы Арнат Оңдасынов тұрғындар таңдаған екі үйге тәуелсіз сараптама жүргізілетіндігін, егер сараптама қорытындысы құрылыс сапасының нашарлығын растаса, іс сот-құрылыс сараптамасына жолданатындығын жеткізді. Іс барысында  аталған үйлерге тиесілі құжаттардың барлығы – техникалық, авторлық қадағалау материалдары да толық зерттелетіндігін атап өтті.

Өткен аптадағы алғашқы кездесуден кейін бүгін қалалық құрылыс бөлімінің басшысының орынбасары Арман Абдолов Талғайраң-2 ауылына қайта барып, белсенді топпен кездесті.

Ол тұрғын үй алабының жобасы мен қажетті құжаттардың көшірмелерін тұрғындарға табыстап, тексеріс барысы туралы ақпарат берді.

«Тұрғындар таңдаған екі үйге екі мекеме сараптама жүргізеді. Олар – «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ және жекеменшік сараптама орталығы. Қазіргі таңда екі орталыққа да қажетті құжаттар жолданды, арнайы мамандар жақын күндері келіп, жұмысқа кіріседі. Сараптама жүргізілетін үйлердің тұрғындары уақытша мекен-жайға орналастырылады. Екі мекеменің қорытындысы негізінде шешім қабылданады. Одан кейінгі барлық жұмыстар осы шешімге сәйкес жүзеге асырылады», – деді ол.

Мердігер мекеме өкілдері де мәселені назардан тыс қалдырмай, өз тараптарынан қажетті қолдау көрсететіндерін жеткізді.

Облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, мәселе толық шешімін тапқанға дейін мониторинг жүргізуді жалғастыратын болады.

Серіктес жаңалықтары