Жағымсыз оқиға 2025 жылдың 22 қарашасында болды
Семейде жергілікті стендап-блогер қоғамдық орында бейәдеп сөз қолданғаны үшін бес тәулікке қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2025 жылдың 22 қарашасында шамамен 21:00-де қаладағы мейрамханалардың бірінде болған. Бұл сәт видеоға түсіп, әлеуметтік желілерде тез таралып, қоғамда резонанс тудырған.
Жарияланған видеода блогердің көрермендер алдында бейәдеп сөздерді жиі қолданғаны анық көрінеді. Бұл құқық қорғау органдарының да, жергілікті тұрғындардың да назарын аудартты. Әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі мұндай әрекетті сынға алып, қоғамдық іс-шараларда моральдық нормаларды сақтау қажеттігін атап өтті.
Видео зерттелгеннен кейін полиция қызметкерлері блогерді қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сот материалдарды қарап, блогерді қоғамдық орында бейәдеп сөз қолданғаны үшін кінәлі деп таныды. Нәтижесінде оған 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Абай облысы полициясы қоғамдық орындарда бейәдеп сөз қолданудың заң бұзушылық екенін еске салды.
«Қоғамдық орындарда, әсіресе желіде тарайтын іс-шаралар кезінде эпатаж немесе «өзіндік стиль» көрсету мақсатында бейәдеп сөз қолдану – заң бұзу. Мұндай әрекеттер жазасыз қалмайды. Полиция қоғамдық тәртіп пен мәдениетті бұзатын құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша шараларды жалғастырады», – деп атап өтті департамент.