Қазақстандықтар қызмет ақысының тым қатты қымбаттауына байланысты наразылық білдірді
Қазақстандықтар тарифтерінің қымбаттауына байланысты Beeline мобильді байланыс желісінің қызметінен жаппай бас тартып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Threads желісінде байланыс операторының тұтынушылары қызмет ақысының тым қатты қымбаттауына байланысты наразылықтарын жазды.
«Beeline байланыс желісінің тұтынушысы болғаныма 20 жыл болыпты. Жалғыз нөміріме де 20 жыл болды. Соңғы қымбаттатқаны шектен шыққандық. Бірақ енді шыдамаспын. Beeline, құрып кетіңдерші», – деп жазды Мақпал есімді желі қолданушысы.
Оның бұл жарияланымына өзге де желі қолданушылары жаппай пікір қалдырып, шағымдарын білдірді.
«Мен қолданып жүрген тарифті 22 мың теңгеге қымбаттатып жіберіпті. Ал ең басында 6500 теңге болатын. Ал сапасы тіптен масқара. Телефонмен сөйлесу үшін балконға шығуым керек. Астанадан ұзап шықсаң болды, байланыс үзіледі», – дейді тағы бір қазақстандық.
«Бұл абонентті қолданғаныма 15 жыл болыпты. Соңғы жарты жылда бағаны үш мәрте көтерді. Алдымен 10 мың теңгеден 12 мың теңге, екі айдан кейін 14 мың теңге болды. Енді 17 мың теңгеге бір-ақ көтерді», – деп қазақстандықтардың бірі Е-өтініш арқылы арыз берді.
«Былтыр тариф құнын кезекті рет көтергеннен кейін Е-өтініш арқылы арыз жазғанмын. Бұл жолы рекордты деңгейде 18600 теңгеден 23299 теңгеге бір-ақ көтерілді», – деп жазды желі қолданушысы.