Астанада 8-сынып оқушысы мектепке бомба қойылғаны туралы хабар таратты

Автор: Асыл Арман

Оның хабарламасы жалған болып шықты

Фото: istockphoto.com

Астанада мектеп оқушысы білім ордасына бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама жасағаны үшін жазаланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Астанадағы мектептердің біріне жақында жарылғыш зат қойылғаны туралы екі хабарлама түсті: алдымен, роботтандырылған дауыс арқылы қоңырау шалынған, ал екі күннен кейін мектеп директорының жеке нөміріне хабарлама жіберілген. Төтенше қызметтер ғимаратты жедел эвакуациялап, тексергенімен, қауіп расталған жоқ.

Тергеу барысында хабарламаларды 8-сынып оқушысы жібергені анықталды.

«Жасөспірім әлеуметтік желіде ақыға жалған ақпарат жіберуді ұсынған хабарландыруды көріп, өз телефонына қолжетімділік берген және осылайша оқу процесін тоқтатуға тырысқан.

Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, кәмелетке толмағанның ата-анасы бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Оқушы ішкі істер органдарының есебіне қойылды», – делінген хабарламада.

Полиция жалған хабарлама берудің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін және келтірілген шығынды өтеуді талап ететінін еске салды. Ата-аналарға балалардың телефон мен әлеуметтік желіні пайдалануын бақылауға, профилактикалық әңгімелер жүргізуге және күдікті жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына уақытылы хабарлауға кеңес берілді.