Оқыс оқиға 30 қараша күні болған
Жетісу облысында пойыз қағып кеткен ер адам аяғынан жараланып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқыс оқиға 30 қараша күні болған. ҚТЖ-ның мәліметінше, сағат 14:56-да Жетісу облысындағы Дос-Сарыөзек аралығында жүк пойызының машинисі 43 км/сағ жылдамдықпен келе жатып, теміржолға адам шыққандықтан шұғыл тежегіш қолданған.
«Ер адам локомотивтен берілген дабылды елемеген және пойыз жолына тұрып алған. Соның салдарынан ол аяқ жарақатын алып, Сарыөзек станциясының ауруханасына жедел жеткізілді. Пойыз 15:35-те қозғалысын жалғастырды, 39 минутқа кешікті.
«Қазақстан теміржолы» барлық азаматты теміржол бойындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға және жолды тек белгіленген жерлерден кесіп өтуге шақырады. Осы ережелерді сақтау қайғылы оқиғалардың алдын алудың негізгі шарты болып саналады», – делінген хабарламада.
Оқиғаға қатысты Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі де ресми мәлімдеме жасады.
«Биыл 30 қараша күні Үштөбе станциясындағы полиция бөлімі теміржол көлігі қозғалысы немесе пайдалануы қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – деп хабарлайды ведомство.