Майамиде АҚШ пен Украина арасындағы келіссөздер аяқталды

Автор: Аягөз Құрмаш

Келіссөздер бейбіт келісімге келуді көздейді

Фото: ЕРА

Майами (Флорида штаты) қаласында АҚШ пен Украина делегациялары арасындағы келіссөздер аяқталды, деп жазады Azattyq Ryhy.

Келіссөздердің басты мақсаты тек соғысты тоқтату ғана емес, сонымен бірге Украинаның енді ешқашан сырттан басқыншылыққа ұшырамауын қамтамасыз ету. Мұны келіссөздерден кейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Украина қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рустем Умеров мәлімдеді.

Рубио келіссөздерді Женевадағы кездесудің жемісті жалғасы деп атап, Вашингтонның міндеті соғыстың тоқтауымен шектелмейтінін жеткізді.

«Біз Украинаның мәңгі қауіпсіз болуына, қайта басып кіру қаупімен бетпе-бет келмеуіне көмектескіміз келеді. Украина бұл соғыстан бұрынғыдан да мықты әрі қабілетті ел болып шығуы тиіс», – деді ол.

Оның айтуынша, процесс «күрделі және нәзік». Рубио осы аптада АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Мәскеуге баратынын да хабарлады. Сондай-ақ, АҚШ тараптың Ресеймен әртүрлі деңгейде байланыс жасап отырғанын және олардың позицияларын «жақсы түсінетінін» мәлімдеді.

Умеров келіссөздердің сәтті өткенін айтып, АҚШ делегациясына алғысын білдірді.

«Украина үшін маңызды барлық мәселені талқыладық. АҚШ үлкен қолдау көрсетті. Мақсатымыз – өркендеген, мықты Украина болу», – деді ол.

Келіссөздер Майамидегі Shell Bay гольф-клубында – Стив Уиткоффқа тиесілі нысанда өткен.

Украина делегациясына енді ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Рустем Умеров жетекшілік етеді. Құрамда сыртқы істер вице-министрі Сергей Кислица, Украина елшісі Ольга Стефанишина, Бас штаб бастығы Андрей Гнатов және барлау өкілдері.

АҚШ делегациясында мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Стив Уиткофф және Джаред Кушнер.

Axios дерегінше, Вашингтон Киевтен территория және қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты соңғы тармақтар бойынша келісім алуды көздеп отыр.

«Украиндар біз не күтетінімізді біледі», – деген АҚШ шенеунігі.