$ 512.53  592.43  6.53
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада 3,8 млрд теңгеге 94 пәтер мен 51 паркинг заңсыз құжаттармен сатылған

Олар ақшаны қолма-қол алған

Астанада 3,8 млрд теңгеге 94 пәтер мен 51 паркинг заңсыз құжаттармен сатылған
Фото: istockphoto.com

Қаржылық мониторинг агенттігі Астана қаласында «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату деген желеумен ақша жымқыру схемасын ұйымдастырған құрылыс компаниясының қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, сату кеңсесінде құрылыс компаниясы атынан сатып алушыларға компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығы бар екенін «дәлелдейтін» макеттер, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен анықтамалар көрсетілген.

Азаматтарға пәтерлерді, коммерциялық үй-жайларды және паркинг орындарын нарықтық бағадан төмен сатып алу ұсынылып, мәмілелердің толық заңды екені айтылған.

Алайда сатып алу-сату шарттарын жасау орнына күдіктілер брондау шарттарын, кепіл туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдеген. Бұл құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды және сатып алушыларға меншік құқығын бермейді.

«Жәбірленушілер төлемді қолма-қол және қолма-қол ақшасыз түрде схеманың қатысушыларының жеке шоттарына аударған. «International Invest Company IIC» ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында бұл операциялар көрсетілмеген.

Нәтижесінде азаматтардың 3,8 млрд теңгеден астам қаражаты жымқырылған», – делінген ҚМА хабарламасында.

Бұдан бөлек, күдіктілер құрылыс компаниясының қаражатын ұрлауға бағытталған екінші алаяқтық схеманы жүзеге асырған.

Құрылыс компаниясының атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, объектілерге меншік құқықтарын тіркеген, алайда сатудан түскен қаражат компанияның кассасына түспеген.

«76 жылжымайтын мүлік объектісінің сатылуынан 4,1 млрд теңге жымқырылған. Осылайша азаматтарға және компанияға келтірілген жалпы залал 7,9 млрд теңгені құрады.

Сот санкциясымен 94 пәтерге, 51 паркинг орнына, 8 коммерциялық үй-жайға және бір автокөлікке тыйым салынды.

Үш күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.

Серіктес жаңалықтары