Астанада автобустағы орынға таласқан екі әйел төбелесіп, біреуінің маңдайы жарылды (ВИДЕО)

Автор: Мөлдір Қазыбай

Төбелескен әйелдердің бірі 26, ал екіншісі 36 жаста екені белгілі болды

Фото: pixabay

Астанада автобуста екі жолаушы әйел орындыққа таласып, төбелесіп қалды. Оқиға бүгін қаладағы автобустардың бірінде болды. Төбелескен әйелдердің бірі 26, ал екіншісі 36 жаста екені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видеода бір әйелдің басынан қан аққанын, жанында кішкентай қызы қорыққанынан жылап отырғанын көруге болады. Жолаушылар әйелдердің арасына араша түскенмен, даулы жағдай қатты төбелеске айналған.

Оқиғаға қатысты агенттік тілшісі қалалық Полиция департаменті түсініктеме берді.

«Автобус жолаушылары арасында орын үшін шыққан дау төбелеске ұласты. Полиция қызметкерлері қатысушылардың 26 және 36 жаста екенін анықтады. Тергеу барысында жанжалдың орын үшін шыққаны белгілі болды.

Оқиғаға қатысты бір әйел екінші қатысушыға дене жарақатын келтіргені үшін шара қолдануды сұрап полицияға өтініш білдірді.

Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 108-бабының 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Міндетті сараптамалар тағайындалып, тексеру жүргізілуде. Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтап, өзара құрмет көрсетуге шақырады», – делінген агенттік тілшісіне берген пікірінде.