Атырау облысында банк шотын есірткі сатушыларға берген бойжеткен 7 жылға сотталуы мүмкін

Автор: Асыл Арман

Оның шотына 400-ден астам ақша аударымы жасалған

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда Ішкі істер министрлі есірткі айналымына қатысты ақша аударымдары үшін 10 дропперді әшкерелеп, қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстанда биыл 16 қыркүйектен бастап өз банк шотын бөгде адамдардың қылмыстық мақсатта пайдалануына рұқсат бергені, яғни дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл өзгеріс ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабында қарастырылған.

Жаңа норма күшіне енгеннен бері ел бойынша банк шотын есірткі сатушыларға сыйақы үшін әдейі берген адамдарға қатысты 10 қылмыстық іс тіркелді.

Орал қаласында 18 жастағы жігіт өз төлем картасын қылмыстық топқа беріп, олар оны екі ай бойы есірткі сатумен байланысты қаржылық операциялар үшін пайдаланған. Күдікті ұсталып, кінәсін мойындады.

Сондай-ақ, Семейде 23 жастағы тұрғын өз банк картасын үш ай бойы есірткі сатудан түскен ақшаны шығаруға қолдануға рұқсат еткен.

Атырау облысында да 21 жастағы бойжеткен өз картасына 400-ден астам ақша аударымын жасауға рұқсат еткен. Қаржы есірткі саудасынан түскен.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті осындай қылмыстары үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын ескертеді.

«Өз банк реквизиттеріңізді бөгде адамдарға ешқашан бермеңіз, тіпті ақша үшін де. Бұл сіздің тағдырыңызға балта шабуы мүмкін», – деп ескертті ІІМ.