Орал қаласында ас тұзының тапшылығы байқалып отыр
Дүкен сөрелерінде ас тұзының орны бос тұр
Орал қаласындағы дүкендерде, ірі супермаркеттерде және базарларда соңғы күндері кәдімгі ас тұзын табу қиынға айналды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, тұрғындар бірнеше супермаркетті аралағанымен, тұз таба алмаған. Қала тұрғындары бұл жағдай алаңдаушылық туғызып отырғанын айтты.
«Үй маңындағы үш дүкенді аралап шықтым, ешқайсында тұз жоқ. Сатушылардың айтуынша, соңғы екі күнде түгел бітіп қалған», – дейді Айнұр есімді қала тұрғыны.
Осыған ұқсас жағдайды Руслан есімді тұрғын да айтты.
«Арнайы тұз алу үшін «Дина» супермаркетіне бардым, сөре бос тұр. Одан кейін орталық базарға бардым, онда да жоқ. Етті немен тұздаймын? Жаңа ғана соғым келді», – дейді ол.
Шынымен де, тұз ірі супермаркеттерде де, шағын дүкендерде де жоқ. Базар сатушылары да тұздың неге келмей жатқанын білмейді.
Қала тұрғындары жағдай алдағы күндері қалыпқа келіп, тұз қайтадан дүкен сөрелерінен әдеттегі бағамен табылады деп үміттеніп отыр.