Қазақстандық тележурналист Диля Ибрагимова қайтыс болды
Ол ұзақ жылдар бойы «Хабар» мен «КТК» телеарналарында спорт жаңалықтарын жүргізді
Белгілі қазақстандық тележурналист Диля Ибрагимова қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жария етті. Ведомство тележурналист Диля Ибрагимованың өмірден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне қайғыра көңіл айтты.
Диля Ибрагимова ұзақ жылдар бойы «Хабар» және «КТК» телеарналарында спорт жаңалықтарын жүргізіп, қазақстандық спорт журналистикасының ең танымал және сүйікті тұлғаларының бірі болды. Отандық журналистиканың дамуына өзіндік зор үлес қосты.
«Өзінің кәсіби білімі мен азаматтық ұстанымы арқылы жас буынға үлгі бола білген ардақты жанның жарқын бейнесі туған халқының жадында мәңгі сақталады деп сенеміз.
Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын!» - деп жазды Мәдениет және ақпарат министрлігі.