«Цефтриаксон» инъекциясынан кейін пациент тіл тартпай кетті
Таразда №2 сот пациенттің «Цефтриаксон» инъекциясынан кейін қайтыс болуына байланысты қылмыстық іске қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс аясында екі адамға қатысты айыптау қаралды. Азамат Ц. лицензиясыз және сертификатсыз медицина қызметін көрсетіп, абайсызда адам өліміне себеп болды деп айыпталды (ҚК 322-бап, 3-бөлік). Ал медбике И. кәсіби міндеттерін дұрыс орындамау арқылы адамның өліміне әкелгені үшін жауапкершілікке тартылды (ҚК 317-бап, 3-бөлік).
Тергеу материалдарына сәйкес, Ц. 2016 жылдан бері өзі ашқан процедуралық кабинетте заңсыз инъекциялық қызмет көрсетіп келген. 2025 жылдың ақпанында медбике И. пациент А.-ға «Цефтриаксон» егіп, нәтижесінде ер адамда анафилактикалық шок алған. Жедел медициналық көмекке қарамастан, пациент қалалық көпбейінді ауруханада көз жұмды.
Сотта кінә жәбірленуші тараптың, куәгерлердің айғақтарымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденді. Прокурор Ц.-ға 2,5 жыл, ал И.-ға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ц. кінәсін мойындаған жоқ, ал И. өз айыбын толық мойындады.
Сот Ц.-ның кәмелетке толмаған балалары бар екенін, ал И.-дің кінәсін мойындап, өкініш білдіргенін жеңілдететін жағдай ретінде ескерді.
Үкім бойынша:
Ц. 2 жыл 6 айға бостандығын шектеу жазасын алды. Сондай-ақ үш жыл бойы инъекциялық терапиямен айналысуына тыйым салынды. Жәбірленуші тарапқа 5 млн теңге моральдық шығын және 1,2 млн теңге материалдық шығын өндірілді.
И. 1 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді және үш жыл бойы осы салада жұмыс істеуіне тыйым салынды. «Рақымшылық қолдану туралы» заңға сәйкес ол тағайындалған жазадан босатылды. Жәбірленушіге 5 млн теңге моральдық зиян және 588 мың теңге материалдық шығын өтеуге міндеттелді.
Медбике И. қатысты үкім заңды күшіне енді.