Ақтөбеде көлік қағып кеткен 7 жасар бала бірнеше аптадан соң көз жұмды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жол-көлік оқиға 26 қазанға қараған түні болған

Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде 26 қазанға қараған түні жаяу жүргіншілер өткелінде көлік қағып кеткен 7 жасар бала аурухана төсегінде көз жұмды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүлдіршін жаяу жүргіншілер өткелінен жасыл жанған кезде өтпек болған. Сол сәтте Chevrolet маркалы көлік жоғары жылдамдықпен келіп соққан.

«Жедел жәрдем бригадасы бүлдіршінді жақын маңдағы стационарға жеткізді. Оған көмек көрсетуге балалар ауруханасының реаниматологы, нейрохирургі, травматолог мамандары барды. Оқиға орнында арнайы көмек көрсетіліп, жағдайы тұрақтандырылған соң санитарлық авиация арқылы Көпбейінді облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Баланы реанимация бөліміне жатқызып, оған толық тексеру жүргізілді: миға, кеуде қуысына және іш қуысына КТ жасалды, профильді мамандар қарады. Қажетті көмектің бәрі жылдам жасалды. Баланы реанимация бөлімінде интенсивті терапияға орналастырдық. Дегенмен жүргізілген емдеу мен реанимациялық шараларға қарамастан, бала 18.11.2025 күні қайтыс болды», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.