«Жүргізуші куәлігін алып беремін»: Семейде алаяқтықпен айналысқан әйел ұсталды
Ол заңсыз ісі үшін жас жігіттен 270 мың теңге көлемінде ақша алған
Абай облысында жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен «алып беремін» деп уәде берген әйел адам қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Семей қаласының 22 жастағы тұрғыны полицияға алаяқтық туралы арызбен жүгінді. Жас жігіттің айтуынша, өзін «Айнұр» деп таныстырған әйел оған жүргізуші куәлігін рәсімдеуге жәрдемдесетінін айтып, сеніміне кірген. Оның сөзіне сенген тұрғын әйелге 270 мың теңге көлемінде ақша берген.
Алайда ақшаны алғаннан кейін әйел байланысқа шықпай қойып, уәде етілген құжаттар да берілмеген.
Полиция қызметкерлері күдіктіні – Семей қаласының 25 жастағы тұрғынын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Тергеу барысында ол өз кінәсін мойындап, алынған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын түсіндірді.
«Аталған факті бойынша алаяқтық дерегімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Әйелге қатысты процессуалдық мәжбүрлеу шарасы ретінде келу туралы міндеттеме қолданылды», – делінген облыстық ПД хабарламасында.