Павлодарда ондаған орынға магнитпен есірткі жабыстырып кеткен ер адам ұсталды

Автор: Асыл Арман

Павлодарда есірткі курьері ұсталды

Фото: Павлодар облысы ПД

Павлодар облысында ондаған орынға есірткі тығып кеткен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодар облыстық прокуратурасының ұйымдастыруымен Павлодар есірткі қылмысына қарсы полиция қызметкерлері магниттің көмегімен есірткі жасырын орнын ұйымдастырған 23 жастағы ер адамды ұстады.

«Ер адам жедел іс-шара барысында ұсталды. Оның гараждардың темір қақпаларына есірткі салынған орамаларды магнитпен жабыстырып, кейін суретке түсіріп, орналасқан жерінің мәліметтерін жіберіп отырғаны анықталды. Ұстау кезінде оның жанынан ақ түсті ұнтақ салынған, изолентаға оралған бес клипбокс табылды. Сонымен бірге, полиция қызметкерлері күдіктінің смартфонын тәркіледі, онда тыйым салынған заттар жасырылған орындардың координаттары мен сипаттамасы болған. Кейін Павлодар аумағында жедел уәкілдер есірткі салынған 25 «жасырын орынды» тапты», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Ведомство мәліметінше, әр жасырын ораманың ішінде кішкентай магнит болған. Сол магниттің көмегімен сверток құбырларға, есіктерге және басқа металл беттеріне бекітіліп отырған.

Зерттеу нәтижесі бойынша, орамалардың ішінен жалпы салмағы 17 грамнан асатын синтетикалық есірткі табылған. Бұл – аса ірі көлем болып саналады.

Қазіргі уақытта есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз дайындау, өңдеу, өндіру және сату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауда отыр.

Полиция Павлодар облысы тұрғындарын Интернетте таралатын «жасырын орын курьері» ретінде жұмыс істеу туралы ұсыныстардан бас тартуға шақырады. Наркодилерлер уәде ететін анонимдік пен жазасыздық – жалған.

Еске салайық, есірткі айналымына қатысты ауыр қылмыстар үшін ең жоғары жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.