16 жерінен пышақтаған: Талғарда ер адам мас күйінде туған қызын өлтірді деген күдікке ілінді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Марқұмның 15 жаста болғаны анықталды

Фото: istockphoto.com

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында қайғылы оқиға болды. Мас күйдегі ер адам 15 жастағы туған қызын өлтірді деген күдікке ілініп отыр. Жасөспірім қыз 16 жерінен пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қыздың денесін үйінен туыстарының бірі тауып, полицияға хабарлаған.

Оқиға орнына келген полицейлер 15 жастағы студент қыздың әкесін мас күйінде ұстаған.

«Үй ішінен қылмыс жасалуы мүмкін деген қару тәркіленді. Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде ер адамның ұзақ уақыт бойы ішімдікке тәуелді болғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Бейресми дерек бойынша, қайғылы күні қыз әкесіне ескерту жасаған кезде ол ашуланып, пышаққа жүгінген.