Түркістан облысында той кортежінде ереже бұзған Toyota Land Cruiser жүргізушісі ұсталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жүргізушілердің бірінен «стробоскоп» құрылғысы тәркіленді

Фото: Polisia.kz

Түркістан облысындағы тасжолдардың бірінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған үйлену кортежінің төрт көлігінің жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Toyota Land Cruiser, JAC, ВАЗ-2115 және ВАЗ-21099 көліктерінің жүргізушілерін анықтап, оларды ӘҚБтК бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Ведомство дерегінше, олардың әрекеті жол-көлік оқиғасына әкеп соқтыруы мүмкін қауіпті жағдай туғызған, жол белгілерінің талаптары сақталмаған, сондай-ақ өзге көліктердің қозғалысына кедергі жасалған.

«Сонымен қатар құқық бұзушылардан «стробоскоп» құрылғысы тәркіленді. Оларға арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беретін құрылғыларды көлікке заңсыз орнату не жедел және арнайы қызметтердің автокөліктеріне тән арнайы түсті таңбаларды рұқсатсыз қолдану фактісі бойынша шаралар қабылданды. Көліктер айыптұраққа қойылды», — делінген ведомство хабарламасында.

Полицейлер жүргізушілерге түсіндіру жұмысын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салды.

Сонымен бірге тәртіп сақшылары азаматтарды жолда жауапты болуға және заң талаптарын бұлжытпай орындауға шақырады.