Ақмола облысында мұғалім жалған инвестицияларға сеніп, 20 млн теңгесінен айырылып қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол ұлттық компанияның атын жамылған алаяқтарға алданып қалған

Фото: istockphoto.com

Ақмола облысында 60 жастағы мұғалім ұлттық компанияның атын жамылған алаяқтарға сеніп, үш ай ішінде 20,4 млн теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, әйел адам ең кең таралған инвестициялық алаяқтық схемалардың бірінің құрбанына айналған.

Орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін жәбірленуші жинаған қаржысын еселеп көбейтуді көздеп, үш ай бойы алаяқтарға ақша аударып келген. Бұл уақыт ішінде ол 50 банк операциясын жасаған.

Тергеу барысында белгілі болғандай, биыл тамыз айында әйел Instagram желісінде ұлттық компанияның атынан жарияланған жарнаманы көрген. Онда жоғары табысқа жасалатыны туралы уәде беріліп, қарапайым тіркеуден өтуді ұсынған.

Сілтеме арқылы сайтқа кіргеннен кейін ол жеке кабинет ашқан. Осыдан кейін өзін «қаржылық кеңесші» деп таныстырған адамдар белсенді түрде хабарласып, дивиденд алу үшін тұрақты түрде ақша аударуға үгіттеген.

24 қарашада ақмолалық тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.