«Кітап оқитын ұлт»: Шымкентте жобаға 66 мың адам қатысып жатыр

Автор: Асыл Арман

Олардың арасында 26 мыңнан аса мектеп оқушысы бар

Фото: БҚО әкімдігі; Шымкент әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаппай кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жөніндегі тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы Шымкент қаласында ерекше қарқынмен жүзеге асып келеді. Қала бойынша жобаға 66 000 адам қатысуда. Оның ішінде 26 099 оқушы, 18 233 студент, 6 114 педагог, 15 510 отбасы және 546 мемлекеттік қызметкер бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жобаның қатысушылары арасында шынайы интеллектуалды орта қалыптасып, кітап оқу күнделікті әдетке айнала бастады. Қалада жаңа мәдениет қалыптасып, әсіресе мектеп оқушылары мен отбасылар арасында қызығушылық артып отыр.

«Кітаптің маған ұнайтын тұсы – өмірмен байланысы. Әр шығарма арқылы өзіме қажетті ой түйіп, болашақта қандай адам болғым келетінін тереңірек түсіне бастадым. Кейіпкерлердің таңдаулары өмірде дұрыс шешім қабылдаудың маңызын көрсетеді. Қазір М. Мағауиннің «Тазының өлімі» шығармасын оқып жүрмін. Бұл кітапта адалдық, адамгершілік және табиғатпен үйлесім сияқты терең ойлар бар. Бұған дейін Ш. Мұртазаның «Қара маржан» шығармасын оқыдым, онда еңбек, адам тағдыры мен жауапкершілік мәселелері көрініс тапқан. Сондай-ақ Д.Исабековтің «Дермене» повесінде отбасы, дәстүр және адам өміріндегі таңдаудың маңызы ерекше көрсетілген», – дейді М.Мәметова атындағы №35 мектептің 9-сынып оқушысы Дидар Шаттық.

«Dostyq High School» мектебінің 10-сынып оқушысы Балкерім Шаяхмет ойын былайша жеткізді:

«Кітапты жүйелі түрде оқу әдеті қалыптасып, күн сайын жаңа нәрсе үйренуге деген қызығушылығым артты. Қазіргі таңда «Қаныш және ғылыми майдан» кітабын оқып жүрмін. Бұл шығарма Қаныш Сәтбаевтай ұлы тұлғалардың ғылым жолындағы табандылығын, еңбектің және елге қызмет етудің үлкен маңызын көрсетті», - дейді ол.

«Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысты студенттер де көзқарасын білдіріп өтті.

«Жоба аясында ұсынылған әрбір кітаптың студенттер үшін берері мол. Қазақ әдебиетінің классикалық туындылары арқылы ұлт руханияты мен адамгершілік құндылықтарын терең түсіндім. Мотивациялық шығармалар өз-өзімді дамытуға, уақытты тиімді пайдалануға және мақсатқа ұмтылуға үйретуде», – деді Ж.Тәшенов университетінің 2-курс студенті Салтанат Азаматқызы.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 2-курс студенті Бекарыс Абылайханұлы жоба аясында оқыған кітаптары туралы ойын жеткізді.

«Бұл жобаның пайдасы – жас ұрпақтың рухани дамуына, тіл мен мәдениетке деген құрметтің артуына ықпал етуінде. Менің ойымша, кітап оқуға дағдыланған ұлт – ең мықты ұлт, себебі ол тек сөзге емес, ойға бай ел болады. Сондықтан мен бұл жобаның алдағы жылдарда да жалғасқанын қалаймын және оны еліміздің жаңғыруының бір бөлігі деп білемін», – дейді ол.

«Қазір Дейл Карнегидің «Шешендік өнер» еңбегін оқып жүрмін. Бұл кітап көпшілік алдында еркін сөйлеуге, сенімділікке және коммуникациялық қабілетті дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар тұлғаның өзін-өзі жетілдіруіне және қоғаммен тиімді байланыс орнатуына ықпал етеді», – дейді Болашақ жоғары колледжінің 4-курс студенті Аружан Саримсак.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы Шымкентте оқуға деген қызығушылықты арттыруда. Жобаның қатысушылары жаңа білім алып, ой-өрісін кеңейтіп, кітапты күнделікті өмірдің маңызды бөлігі ретінде қабылдауда. Бұл бастама жастар мен отбасыларға ойлануға, өзіне-өзі сенуге және жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.

Жобаны «AMANAT» партиясының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры және Шымкент қаласы әкімдігі жүзеге асыруда. Өңірлік демеуші – «Азия Сервис» компаниясы.