$ 524.24  612.94  6.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.07.2025, 17:28
Қаржы

Алданып қалмаңыз: қаржы пирамидасын қалай ажыратуға болады?

Агенттік жоғары табыс уәде еткендерге сенбеуге кеңес берді

Алданып қалмаңыз: қаржы пирамидасын қалай ажыратуға болады?
Фото: istockphoto.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы кезде көбейіп кеткен қаржы пирамидаларының негізгі белгілерін атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржы пирамидасының негізгі белгілері:

Жоғары табыс уәде етеді. Нарықтағы табыстан бірнеше есе көп кіріс көбіне нақты қызмет есебінен емес, жаңа қатысушылардың қаражатынан құралады.

Міндетті түрде жаңа салымшыларды тартады. Егер жаңа адамдар ақша салмаса, пирамида тез жабылады.

Лицензиясы болмайды. Салымшыларға агенттік берген лицензия бар екені айтылмайды, ал келісімшартта салымдардың сақталуы үшін заңды жауапкершілік көзделмеуі мүмкін.

Әлеуметтік желі мен мессенджерде белсенді жарнама жасайды. Тұсаукесер, сыйлық, қолма-қол ақша немесе электронды әмиян арқылы ресми төлем құралдарын айналып өтуге шақыру жиі қолданылады.

Жаңылыстыратын атауларды пайдаланады. Алаяқтар «инновациялық жоба», «қаржы орталығы», «борыш бағдарламасы» сияқты атауларды пайдалануы мүмкін.

Бастапқы салымы аз болады. Әуелі аз ақша сұрап, сенімге кіріп алады да, кейін көбірек салуды талап етеді.

Не істеу керек?

Егер сіз қаржы пирамидасына алданып қалсаңыз, мүмкіндігінше тезірек полицияға және Қаржы мониторингі агенттігіне хабарласуыңыз қажет. Уақыт созбай арыз жазған дұрыс, сонда ақшаңызды қайтару мүмкіндігі көбірек болады. Туыстарыңыз бен достарыңызға да айтып, оларды да сақ болуға шақырыңыз.

Компания туралы мәліметті, лицензиясы бар-жоғын және ресми тіркелуін мемлекеттік органдардың сайттарынан тексеріп алған жөн.

Серіктес жаңалықтары