Құрылтайда 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланып жатыр
Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын қамтамасыз ету үшін бюджеттен бөлінген 1,7 миллиард теңге қайда жұмсалатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абзал Бейсенбекұлы қаржы тек кеңес қызметкерлерінің жалақысына емес, халықпен кездесулер өткізуге, форумдар мен сессиялар ұйымдастыруға, іссапарларға, қоғамдық кеңестердің жұмысына және ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуге жұмсалатынын айтты.
Вице-министрдің сөзінше, Қазақстан Халық Кеңесі бюджеттік бағдарлама әкімшісі ретінде белгіленген. Сондықтан оның қызметін қамтамасыз ету үшін бюджеттен жеке қаражат қарастырылған.
«Қазақстан Халық Кеңесі бюджеттік бағдарлама әкімшісі ретінде келді. Сәйкесінше, біз оған бюджеттен қаражат қарастырдық», – деді Абзал Бейсенбекұлы.
Ол 1,7 миллиард теңгені тек қызметкерлердің саны мен жалақысына қарап есептеу дұрыс емес екенін айтты. Себебі Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысы тұрақты түрде халықпен кездесулер өткізуді және түрлі іс-шара ұйымдастыруды қамтиды.
«Бұл жерде тек жалақы туралы айтып отырған жоқпыз. Қазақстан Халық Кеңесі халықпен көптеген кездесу өткізеді, форумдар мен сессиялар ұйымдастырады. Іссапар шығыстары, қоғамдық кеңестер өткізу, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді қамтамасыз ету сияқты шығындар бар», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, бюджет көлемін есептеу кезінде осы шығындардың барлығы ескерілген.
Бұған дейін Құрылтай отырысында Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Қазақстан Халық Кеңесін құру үшін бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеген еді.