Үкімет отырысында Қазақстанның цифрлық активтер нарығын дамыту талқыланып жатыр
Қазақстанда Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) арқылы реттелетін цифрлық активтер нарығы соңғы жылдары айтарлықтай өскен. Бұл туралы Үкімет отырысында АХҚО басқарушы директоры Еркеғали Еденбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, цифрлық активтер индустриясын дамыту жұмысы 2019 жылы АХҚО-да FinTech Lab зертханасының ашылуынан басталған. Бүгінде осы бағытта 25-тен астам нормативтік акт қабылданып, инвесторларды қорғау мен инновацияны қолдауға бағытталған реттеу жүйесі қалыптасқан.
Қазір АХҚО-да цифрлық активтер саласында 35 провайдер қызмет көрсетеді. Оның ішінде 11 цифрлық активтер биржасы, 16 инвестициялық қызмет провайдері және сегіз төлем ұйымы бар. Олардың қатарында әлемдегі ірі криптобиржалар – Binance пен Bybit те бар.
Реттелетін нарықтағы операциялар көлемі де бірнеше есе артқан. 2023 жылы лицензияланған ортадағы операциялар көлемі 320 млн доллар болса, былтыр бұл көрсеткіш 10,5 млрд долларға жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында операциялар көлемі 5,5 млрд доллар болған.
Клиенттер саны да өскен. 2023 жылы АХҚО-ның реттелетін цифрлық активтер нарығында 53 мың клиент болса, бүгінде олардың саны 270 мың адамға жеткен.
Еркеғали Еденбаевтың айтуынша, ендігі міндеттердің бірі – қазақстандықтардың шетелдік платформалардағы цифрлық активтер операцияларын реттелетін ортаға көшіру.
«Сарапшылардың бағалауынша, қазақстандықтардың әлем бойынша шамамен 1 млн криптоәмияны бар. Қазір бес халықаралық криптоплатформа АХҚО-да лицензия алуға өтінім беріп отыр. Олардың екеуі әлемдегі ең ірі он криптобиржаның қатарына кіреді», – деді ол.
АХҚО өкілі бұл ретте басты мақсат цифрлық активтер нарығын тек дамыту емес, азаматтардың операцияларын қауіпсіз әрі реттелетін ортаға көшіру екенін атап өтті.