БЖЗҚ зейнетақы жинақтарына берілетін мемлекеттік кепілдік тәртібінің өзгеруін түсіндірді

Автор: Алмас Ерсін

Мемлекеттік кепілдік сақталады, алайда 2027 жылдан бастап оны қамтамасыз ету тетігі өзгереді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарына берілетін мемлекеттік кепілдікке қатысты туындаған сауалдарға байланысты түсініктеме берді. Қордың мәліметінше, мемлекеттік кепілдік сақталады, алайда 2027 жылдан бастап оны қамтамасыз ету тетігі өзгереді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Зейнетақы төлемдерін алушыларға міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) нақты аударылған сомасын жинақталған инфляция деңгейін ескере отырып сақтау жөніндегі мемлекеттік кепілдіктің алып тасталатыны туралы сауалдарға байланысты БЖЗҚ төмендегідей түсініктеме берді.

Мемлекет кепілдік береді және реттеуді жалғастырады

Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 217-бабына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты аударылған сомасының сақталуына кепілдік береді.

Мемлекет зейнетақы активтерінің сақталуын БЖЗҚ мен жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) қызметін реттеу, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен ИПБ-лардың инвестициялық қызметіне қойылатын талаптарды белгілеу, зейнетақы активтерін әртараптандыру және тәуекелдерді азайту жөніндегі талаптарды енгізу, сондай-ақ өзге де реттеуші нормалар арқылы қамтамасыз етеді.

Ұлттық Банк зейнетақы активтерін басқару кезінде зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етуге және ұзақ мерзімді нақты табыстылыққа қол жеткізуге бағытталған саясатты ұстанады.

Ал инвестициялық портфельді басқарушы заңнамада белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқару үшін жауап береді. Егер ИПБ алған номиналды табыстылық реттеуші белгілеген ең төменгі табыстылық деңгейінен төмен болса, айырманы ИПБ өз капиталы есебінен өтейді.

Мемлекет көпдеңгейлі бақылауды сақтайды

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жүйесі бұрынғыдай мемлекет тарапынан көпдеңгейлі бақылауда болады.

Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес, оған Мемлекет басшысы жетекшілік етеді, зейнетақы активтерін басқару бағытындағы инвестициялық саясаттың негізгі басымдықтарын айқындайды, басқару тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарайды және БЖЗҚ қызметі туралы жыл сайынғы есептерді талқылайды.

Үкімет Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері есебінен сатып алуға болатын қаржы құралдарының тізбесін бекітеді.

Ұлттық Банк зейнетақы жинақтарының сақталуын және ұзақ мерзімді нақты табыстылықты қамтамасыз ету мақсатында БЖЗҚ-ның инвестициялық декларациясын әзірлеп, бекітеді әрі зейнетақы активтерін басқарады.

Сонымен қатар Әлеуметтік кодексте халықаралық тәжірибеге сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру саласында мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың ынтымақты әрі ортақ жауапкершілік қағидаты көзделген.

Салымшыларға зейнетақы активтерін басқаруды таңдау құқығы беріледі

Әлеуметтік кодекстің 40-бабына сәйкес, салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының басқаруына беру немесе оларды Ұлттық Банктің басқаруында қалдыру туралы шешімді өз бетінше қабылдай алады.

2026 жылдың қыркүйегінен бастап салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтетін заңнамалық өзгерістер күшіне енеді. Қазір олар инвестициялық портфельді басқарушыларға міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарының 50%-ына дейін, ал ерікті зейнетақы жинақтарының 100%-ын бере алады.

Ал күзден бастап салымшылар ерікті зейнетақы жинақтарымен қатар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптасқан жинақтарын да толық көлемде инвестициялық портфельді басқарушыларға сеніп тапсыра алады.

Салымшы бір немесе бірнеше инвестициялық портфельді басқарушыны, сондай-ақ олардың әртүрлі инвестициялық портфельдерін, яғни тәуекел деңгейі, күтілетін табыстылығы және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін стратегияларды таңдау құқығына ие.

Инвестициялық басқарудың тиімділігін бағалау үшін MSCI, Bloomberg сияқты жетекші халықаралық қаржы ұйымдарының композиттік индекстері, сондай-ақ «Қазақстан қор биржасы» АҚ индекстері қолданылады.

Инвестициялық портфельді басқарушылар заңмен белгіленген инвестициялық табыстылық деңгейіне кепілдік береді. Егер табыстылық нарықтық бенчмарктан төмен болса, айырманы өз капиталы есебінен өтеуге міндетті.

Осылайша, салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтарын әртүрлі инвестициялық басқарушыларға бөліп беріп, әртүрлі инвестициялық стратегияларды таңдай алады. Нарықтық тәсілдерге негізделген осындай жағдайда инфляция деңгейіндегі мемлекеттік кепілдіктің құқықтық әрі экономикалық мәні өзектілігін жоғалтады.

Зейнетақы активтерін басқарудың ашықтығы қамтамасыз етіледі

Зейнетақы нарығындағы бірыңғай инфрақұрылымдық институт – акцияларының 100 пайызы Үкіметке тиесілі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.

Салымшылардың өз жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушылардың басқаруына беру құқығы іске қосылғаннан кейін БЖЗҚ-ның институционалдық міндеттері кеңейді. Қор активтерді кім басқарғанына қарамастан (Ұлттық Банк немесе салымшы таңдаған ИПБ) барлық азаматтың жеке зейнетақы шоттарының бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталығы болып қала береді.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға қатысты барлық қызмет пен сервисті қолжетімді етіп ұсынады. Азаматтардың жинақтары туралы ақпарат тәулік бойы үзінді көшірмелерде толық көрсетіледі.

Сонымен қатар салымшылар үшін invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы іске қосылған. Бұл цифрлық ресурс Ұлттық Банк пен барлық инвестициялық портфельді басқарушылардың активтерді басқару нәтижелерін салыстыруға мүмкіндік береді.

Invest.enpf.kz платформасында табыстылық туралы мәліметтер жарияланып, белгіленген кезеңдер бойынша әртүрлі басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдерінің көрсеткіштерін салыстыруға болады.

Осылайша, Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен жалпы зейнетақымен қамсыздандыру мемлекет тарапынан реттеліп, бақылауда болады және мемлекет жауапкершілігінде қалады. Сонымен бірге халықаралық тәжірибеге сай зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда жұмысшы мен жұмыс берушінің рөлі мен жауапкершілігі де арта түседі.