«Бәйтерек» тұрғын үй саласына 2,4 трлн теңге бағыттады

Автор: Темірхан Айжан
Фото: «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі

Қазақстанда баспана мәселесі күн тәртібінен түспейтін маңызды тақырып. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған түрлі әлеуметтік бағдарламалар мен жеңілдікпен берілетін ипотекалық жобалар мыңдаған азаматтың үйлі болуына септігін тигізіп отыр. Бұл бағыттағы негізгі жұмыс «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі мен оның еншілес құрылымдарына жүктелген. Қазіргі таңда отандық құрылыс нарығында қандай өзгерістер бар? Көпшілік асыға күтетін «Наурыз», «5-10-20» және «Жасыл ипотека» бағдарламалары қалай жүзеге асып жатыр? Жұртты мазалаған осы сұрақтардың жауабын білу үшін  Azattyq Rýhy тілшісі «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ Басқарушы директоры Руслан Төлегеновпен сұхбаттасты.

- Руслан Қайболлаұлы, қоғамда баспана тақырыбы қозғалса, елең етпейтін жан кемде-кем. Жалпы, қазіргі құрылыс нарығының ахуалы қандай? Жаңадан бой көтеріп жатқан үйлердің саны артты ма, әлде кеміді ме?

- Еліміздегі тұрғын үй саласының даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Мұны өткен жылдың қорытындысынан көрсек болады. Бір жыл ішінде бүкіл республика бойынша 20,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, алдыңғы жылмен салыстырғанда 5%-ға өсім бар. Жаңа баспана салудан Астана, Алматы және Шымкент қалалары көш бастап тұр. Ал өңірлерге келсек, Жетісу облысы - 11 пайызға, Алматы облысы - 10,2 пайызға, ал Қарағанды облысы 9 пайызға жоғарылап, үздік көрсеткіштерге жетті. Ел көлемінде алсақ, бүгінде Қазақстанның тұрғын үй қоры 447 миллион шаршы метрден асады. Оның басым бөлігі, яғни 300 миллион шаршы метрі қалаларға тиесілі. Бүгінде республикада 2,6 миллион тұрғын үй бар десек, соның 2,3 миллионы - жер үйлер, ал 300 мыңы - көпқабатты тұрғын үй кешендері болып отыр. Тұрғындарды үймен қамту деңгейі де өсті. Жан басына шаққандағы тұрғын үй көлемі қазір 25,1 шаршы метрге жетті. Бұл көрсеткіш қалада 27,4, ауылда 21,3 шаршы метрді құрап отыр. Әрине, бұған құрылыспен қатар урбанизация процесі мен мемлекеттік бағдарламалар тікелей әсер етті.

- «Бәйтеректің» тұрғын үй нарығындағы негізгі рөлі қандай? Осы салаға қанша қаржы салынды?

- Тұрғын үй саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда біз негізгі операторлардың біріміз. Бұл жұмысты өзіміздің еншілес ұйымдарымыз - «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» (ҚТК) мен «Отбасы банкі» арқылы үйлестіріп отырмыз. Өткен жылы холдинг осы салаға 2,4 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетті. Бөлінген қаражат қазақстандықтар үшін баспана сатып алатын мүмкіндікті арттырды.

– Еншілес ұйымдардың жұмысына жеке-жеке тоқталсақ. Мысалы, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» құрылыс нарығындағы үлескерлердің құқығын қорғаумен және құрылысты ынталандырумен айналысады. Қандай нәтижелер бар?

- Нақты деректерді келтіретін болсам, өткен жылы елімізде салынған көпқабатты үйлердің 22 пайызы осы «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының» тікелей қолдауымен бой көтерді. Компания 707,6 миллиард теңге бөліп, нәтижесінде 35,6 мың пәтер салынды. Бұдан бөлек, әкімдіктер арқылы несиелік және арендалық үйлерді сатып алуға - 290,7 миллиард теңге, ал жаңа шағын аудандарға инженерлік желілер тартуға 117,1 миллиард теңге бөлдік. Өзіңіз де білесіз, үйді салу бір бөлек, оған инфрақұрылым жеткізу бір бөлек шаруа. Сондай-ақ, үлескерлік құрылысқа кепілдік беру механизмі аясында құрылыс салушылардың жобаларына 277 миллиард теңгеге жуық қолдау жасалды. Осының арқасында 10 мың үлескердің құқығы қорғалып, бір мың пәтердің құрылысы қауіпсіз аяқталды.

- Халық арасында Отбасы банкінің бағдарламаларына сұраныс өте жоғары. Қазіргі таңда көпшілік күткен «Наурыз», сондай-ақ дәстүрлі «5-10-20», «2-10-20» және «Жасыл ипотека» жобалары қалай жүзеге асып жатыр?

- Отбасы банк ұсынатын бағдарламалар өз тиімділігін дәлелдеді. Жалпы нарыққа арналған «Наурыз» бағдарламасы бойынша банк жалпы сомасы 156,2 миллиард теңгеге 5 568 несие берді. Сонымен қатар, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қарапайым еңбек адамдарын қолдауға бағытталған «Наурыз жұмыскер» жобасы сәтті өтті. Жұмысшы мамандар 77,3 миллиард теңгеге 3 мыңнан астам жеңілдетілген несие алды. Басқа да бағдарламаларға сұраныс жоғары. Тұрғындар арасында танымал "5-10-20" (бұрынғы "Шаңырақ") бағдарламасымен – 62 870, ал «2-10-20» (бұрынғы "Бақытты отбасы") бағдарламасымен 25 152 салымшымыз үйлі болды. Іске асырылған сәттен бастап жалпы сомасы 954,1 млрд теңге болатын 88 022 несие берілді. Оның ішінде 2026 жылы: "2-10-20" бағыты бойынша 2 267 несие 32,6 млрд теңге сомасына берілді; "5-10-20" бағыты бойынша 1327 несие 18,3 млрд теңге сомасына берілді. Бұған қоса, заманауи жасыл стандарттарға сай салынған үйлерді сатып алуға бағытталған «Жасыл ипотека» жобасы арқылы 1 825 несие берілді.

- Алда атқарылар істерге тоқталсақ. Биылға арналған негізгі жоспарлар қандай және нақты өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтсеңіз.

- 2026 жылы тұрғын үй секторына 650 миллиард теңгеден астам қаражат құюды жоспарлап отырмыз. Бұл - жыл соңына дейін тағы 30 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды деген сөз. Өткен 21 мамырда Шымкентте 100 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстадық. Олардың бәрі - жылдар бойы кезекте тұрған қарапайым азаматтар. Баспана оларға жылдық 2% және 5% мөлшерлемемен, небәрі 10% алғашқы жарнамен берілді.  Үйлердің ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Отбасылар жөндеу жұмыстарына шығынданбай, бірден көшіп барды. Осындай игі шаралар жыл соңына дейін басқа аймақтарда да жалғасады. Бизнесті де, баспанаға мұқтаж қарапайым халықты да қолдауды өз міндетіміз деп санаймыз.