СҚО-да коронавирусқа шалдыққандар саны 90 пайызға артты

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінге дейін облыста COVID-19  вирусын жұқтырған 613 адам тіркелді

Маусым айының басынан Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусқа шалдыққан сырқаттар саны күрт артып, өсім көлемі 89 пайызға жетті. Соңғы тәулікте ғана вирус жұқтырған 91 адам тіркелген. Орын тапшылығының алдын-алу мақсатында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының шешімімен 1-ші қалалық аурухана негізгі міндетін тоқтатып, коронавриус жұқтырғандарды емдеуге аналған медициналық мекемеге айналды. Мамандар жағымсыз статистиканың өсуін азаматтардың карантин талаптарын сақтамауымен байланыстырады. Azattyq Rýhy тілшісі Солтүстік Қазақстан облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горловамен эпидемиологиялық жағдай төңірегінде сұхбаттасқан еді.

- Татьяна Леонидовна, Солтүстік Қазақстан облысындағы жалпы эпидемиологиялық жағдайға тоқталсаңыз?

- Қазір қоғамда болып жатқан құбылыстар мені еріксіз таң қалдырады. Коронавирусқа шалдыққандар қатары күн сайын артып келеді. Ал көпшілік той тойлап, оңды-солды қыдырып жүр. Карантин талаптарын сақтап жатқан ешкім жоқ. Мейрамхана иелері өздерінің жеке пайдасын ғана ойлайды. Ал, ауру белгілері жоқ, вирус тасымалдаушылар ортамызда жүр. Олар көпшілік жиналған жерлерге барып, ауруды таратады. Тойда әлеуметтік қашықтық сақталмайды, ешкім медициналық маска тағып, қолғап киіп отырмайды, ғимараттар тиісінше залалсыздандырылмайды.

Өткен аптада қоғамдық орындарда 14 хаттама толтырылып сотқа жіберілді. Бүгінгі күнге дейін облыста коронавирусқа шалдыққан 613 адам тіркелді. Оның 232-нің ауру белгілері бар. Қалғандары тасымалдаушылар. Маусым айының басынан аталған сырқатқа шалдыққан 487 адам тіркелді. Бұл жалпы көрсеткіштің 89 пайызы. Қазір ауруханаларда 154 адам ем алып жатыр. Оның 12-сі бала болса, 6 жүкті келіншек және 3 жаңа босанған ана. Олардың ауру белгілері әртүрлі болды, бірінің басы ауырса, екіншісінің ыстығы көтеріліп, жөтелді. Олардың барлығына дәрігерлер тиісті көмек көрсетіп жатыр.

Сырқаттардың ішінде 6 адамның жағдайы ауыр екенін де атап өткім келеді. Олар жасанды жолмен тыныс алып жатыр. 52 адамның жағдайы орташа ауыр. Олардың барлығында пневмония анықталып отыр. 63 адам емделіп шықты.

- Вирус жұқтырғандардың санының күрт көбеюін немен байланыстырасыз?

- Басты проблема – халықтың ауруға сенбей, оны елемей жатқанында. «Бұл дәрігерлердің ойыны, ақша табу үшін жасалып жатқан әрекет» деген пікірлерді жиі естіп жүрмін. Осындай қағиданы ұстанушылар ештеңеден бас тартқысы келмейді. Қалағанынша қыдырады, туысқан, достарымен кездеседі. Мұндай әрекеттер жаппай ауыруға алып келуі әбден мүмкін.

Ауру жұқтырғандардың 120-сы басқа өңірлерден келген және көршілес Ресейге барып келген жерлестеріміз. Бұл қазір ішкі-сыртқы миграцияны қысқарту керектігін аңғартады. Күн сайын жұмыс телефонына келіп түсетін қоңыраулар легі толастамайды. Көбінің «Ауылға баруымыз керек еді, белгілі бір елдімекен карантинге жабылған жоқ па», «Қаладан шығуға бола ма», «Карантиндік шаралар күшейтіле ме» деген сияқты сұрақтарды қояды.

- Ауырып жатқандардың жас ерекшелігі қандай?

- Ауырып жатқандардың 129-ы 30 бен 39 жас аралығындағылар. 19-29 жас аралығындағы 106 адам бар. 40 пен 49 арасында 93 сырқат бар. Ал 14 жасқа дейінгі балалардан 72 науқас тіркеліп отыр. Ауырғандардың көбі жұмыс істеп жүрген азаматтар. Олардың қатарында жергілікті атқарушы орган, мектеп, балабақша, дәрігерлер, құқық орғау оргындарының қызметкерлері бар. Дегенмен, белгілі бір мекемелерде жаппай ауруға шалдығу фактілері тіркелген жоқ. Қазір инфекцияның таралу ауқымы кеңейгені сонша, кез келген адам ауруға шалдығуы мүмкін. Бүгінгі күні қатерлі вирус Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарына жетті. Петропавл қаласында - 4, Жамбылда - 1 және Ақжар ауданында 1 балабақша жабылды.

- Коронавирусты анықтауға арналған талдаулар қандай нәтиже беріп жатыр?

- Осы күнге дейін 44 мың тест жасалды. Облыста талдаумен айналысатын 3 зертхана жұмыс істейді. Әзірге 19 мыңнан астам тест бар. Эпидемиологиялық зерттеулерге сәйкес қарым-қатынаста болған 2887 адам анықталды. Оның 1364-і жақын қатынаста болғандар.

Облыстың 4 ауданында қатаң шектеу шаралары сақталып отыр. Облыс орталығында оқушылар сарайы, үш балабақша мен фитнес орталықтарының жұмысы тоқтатылды. Өйткені бір финтес орталықта ауру жұқтырған 8 адам анықталды. Өсім көрсеткіші 1,3-тен асса қатаң карантиндік шаралар қажет. Біздің облыста ол 1,42-ні құрап отыр.

Қазір коронавирустан емдейтін ауруханалар 63 пайызға толды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы туберкулезге қарсы диспансердің бір ғимаратын әзірлеп қойды. Инфекциялық ауруханада орын толса, сырқаттар сонда жіберіледі. Соңғы аптада өсім көлемі 76 пайызды құрады. Ал бүгінгі күннің көрсеткіші 20 процент.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО