Үржардан Гарвардқа: қазақ жігіті әлемнің үздік оқу ордасында 3 жыл білім алады
Ол адам құқығын қорғау саласында жаңа технологияларды қолданғысы келеді

Абай облысының Үржар ауылында туған Еркебұлан Иманбаев білім жолын Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінен бастаған. Кейін Әбу-Дабидегі Нью-Йорк университетінде «Интерактивті медиа» мамандығын меңгерген. Биыл ол білім жолын Гарвардта жалғастырып, заң мен технологияны ұштастыра отырып, адам құқықтарын қорғауға машықтанбақ. Ол Azattyq Rýhy тілшісіне Гарвардта оқу арманына қалай жеткенін айтып берді.
Еркебұлан Иманбаев 23 жаста, биыл ол Гарвардтың заң мектебінде, JD (юриспруденция докторы) кандидаты ретінде оқуын бастағалы отыр.
«Менің өмірдегі негізгі қызығушылықтарым – өнер, технология, заң және тарих. Осы салаларға қызығуым менің Нью-Йорк университетінде интерактивті медианы және Гарвардта заңды оқуға шешім қабылдауыма итермеледі. Өзінің атауына қарамастан, интерактивті медиа коммуникациялар мен медиаға аса қатысы жоқ. Бұл – технология мен өнердің өзара әрекеттесуін зерттейтін жаңа мамандық. Ол әлемдегі ең өзекті мәселелерді жаңа жолдармен шешу үшін технологияны қалай пайдалана алатынымызды зерттейді. Бұл мамандық маған өнер мен шығармашылықты үйренуге мүмкіндік берді, сонымен қатар технологияны пайдалануды, бағдарламалауды, роботтарды, бағдарламалық жасақтаманы жасауды машықтандырды», – дейді ол.
Еркебұланның айтуынша, оқу кезінде ол технологияны құқық саласымен байланыстыра бастаған.
«Қазір адам құқықтарына қатысты мәселелер күрделеніп барады. Оларды шешу үшін жаңа, қазіргі заманға сай әрі тиімді тәсілдер қажет. Сол сәтте мен технологияны адам құқықтарын қорғауға қолдануға болатынын түсіндім. Бакалавриатта оқып жүргенде осы шешімдердің технологиялық жағын зерттедім. Енді оның заңдық жағын үйренуім керек деп шештім. Болашақта аз қамтылған және құқықтары жиі тапталатын адамдарға көмектесу үшін заң мен технологияны біріктіруді жоспарлап отырмын», – дейді ол.
Еркебұлан Иманбаев оқудан бөлек, көптеген әлемдік мекемеде іс-тәжірибеден де өтіп үлгерген. Ол әртүрлі елдердегі жұмысының көпшілігі америкалық компанияларда болғанын айтады. Америкалық компанияларда қағазбастылықпен күресу бойынша жүйелі әдістер баршылық дейді. Тіпті ол Әбу-Дабидегі оқуы кезінде Central Asian Student Association құрып, президент болып үлгерген.
«Біздің университет ашық әрі студенттік топтар мен бастамаларды қолдады, сондықтан үлкен қиындықтар болмады. Бірақ студенттік топты қайта қалыптастыру (ребрендинг) оңайға түскен жоқ. Алғашында біз тек қазақ студенттерінен құралдық. Кейін кампуста Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қырғызстаннан келген студенттердің көбейгенін байқадым. Оларға да өз мәдениеті мен дәстүрін таныта алатын орта қажет екенін түсіндім. Сол себепті студенттік топты бүкіл Орталық Азияны қамтитындай етіп өзгертуді қолға алдым. Бұл процесте мен қауымдастық құруға атсалысып қана қоймай, Орталық Азия елдерінің тарихы мен мәдениеті жайлы көп нәрсе үйрендім», – дейді Еркебұлан Иманбаев.
Осы университетте Еркебұлан достарымен бірге киім қалдықтарын азайтуға арналған стартап байқауына да қатысқан.
«Біз адамдарға қоршаған ортаға зиян тигізбей, киім алмасуға мүмкіндік беретін қолданба прототипін жасадық. Осы жоба маған университетте үйренген технологияны қоғамға пайда әкелу үшін қолдануға болатынын көрсетті. Технология мен заңды біріктіру туралы шешім қабылдауыма осы тәжірибе үлкен әсер етті», – дейді ол.
Оқу мен тәжірибеде әбден ысылған Еркебұлан Гарвардқа қалай түскенін баяндап берді.
«Үшінші курста мен заң мектебіне (School of Law) құжат тапсыра бастадым. Ол күрделі әрі ұзақ процесс еді. Себебі стандартталған тестілеу, бірнеше эссе, сұхбаттар және басқа да кезеңдерді қамтиды. Бірнеше университетке өтініш жібердім, бірақ алғашқы жауап Гарвардтан келді. Бастапқыда Гарвардқа құжат жолдаудан бас тартпақ болдым, өйткені бәрібір түспеймін деп ойладым. Алайда достарымның кеңесімен жіберіп көрдім. Кейін сұхбатқа шақырды, бірақ тағы да «қабылданбаймын» деп сендім. Дегенмен, Гарвардтан қабылданғаным туралы хабар жеткенде, мен күмән мен уайым көбіне өзіміздің ішкі сезіміміз ғана екенін түсіндім. Оларға тым көп мән беру адамның жетістігі мен қабілетіне деген көзқарасын бұрмалайды екен», – дейді Иманбаев.
Биыл оның Гарвардтағы 3 жылдық оқуы басталады. Бағдарлама түлектеріне АҚШ-та да, шетелде де лицензиясы бар адвокат болуға, сондай-ақ түрлі салаларда заңгерлікпен айналысуға мүмкіндік береді. Гарвард заң мектебі поп-мәдениетте де кең танымал: оны «Legally Blonde» («Блондинка в законе»), «Suits» («Форс-мажоры»), «How to Get Away with Murder» («Как избежать наказания за убийство») сияқты фильмдер мен сериалдардан естуіңіз мүмкін.
«Мен заңды адам құқықтарын қорғау мен ілгерілету үшін пайдаланғым келеді. Қазақтар тарихта заңды көбіне қорқынышты, адамдарды басып-жаншу мен бақылауға арналған құрал ретінде қабылдаған, қазір де сол көзқарас сақталып отыр. Бірақ менің ойымша, заң дұрыс зерттеліп, түсіндіріліп, әділ қолданылып, халыққа қызмет етуі тиіс. Ең бастысы, ол қоғам мен үкімет тарапынан қысым көргендерге қорған бола алады. Осы жолмен біз шын мәнінде тең құқықты қоғам құра аламыз. Сол себепті менің арманым – заңды әділ және тең қолдану үшін қажетті білім мен тәжірибе жинау», – деп түйіндеді ол өз сөзін.