Кипрде қазақ диаспорасы құрылуы мүмкін – аралға көшіп кеткен отандасымызбен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Оның айтуынша, аралдан баспана алатындар саны жыл сайын артып келеді

Пандемияға байланысты әлемде экономикалық жағдай өзгерді. Коронавирус салдарынан тұралап қалған саланың бірі – құрылыс. Сарапшылар да күзге қарай Қазақстанда тұрғын үй бағалары арзандайды деген болжам ұсынып отыр. Елімізге белгілі тұрғын үй компанияларының маркетологтары дағдарыс жағдайын пайдаланып, түрлі жеңілдіктер қарастырылған бағдарламаларын халыққа ұсынып үлгеруде.

Осыған орай Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстанда коронавирус салдарынан тұрғын үй бағасы ғана арзандай ма, туристік елдердегі ахуал қандай деген сұрақтар төңірегінде Солтүстік Кипрде жылжымайтын мүлік сатумен айналысатын компанияда жұмыс істейтін жерлесіміз Марал Қабыланмен сұхбаттасқан еді.

ТУРИСТІК ҚАЛАЛАРДА ҮЙ БАҒАСЫ АРЗАНДАМАЙДЫ

— Марал ханым, Солтүстік Кипрде карантин режимі қалай өтті?

— Бұл жер арал болғандықтан, халық саны жағынан соншалық көп емес. COVID-19 вирусы Германиядан келген азаматтардан тарады. Аталған ақпарат шыға салысымен, үкімет бірнеше сағат ішінде мектептер мен кеңселердің бәрін жауып, жедел реакция танытты. Мұнда халық заңға қатты бағынатындықтан, барлық алдын алу шараларын қатаң сақтады. Біздің тұрғын үй кешеніміздің ауласы кең болғандықтан, ешкіммен байланысқа түспесек те, өз ауламызда емін-еркін серуендеп тұрдық.

Сарапшылардың айтуынша, күзге қарай Қазақстанда тұрғын үй бағасы арзандайды. Солтүстік Кипрде тұрғын үй бағалары өзгеріп жатыр ма?

— Мен де Қазақстанда тұрғын үй бағалары арзандайды деп ойлаймын. Ал Кипрде баға түспейтін болады. Себебі, әлемдегі экономикалық жағдайлар ауысқанымен, теңіз, жағажай ешқайда ауыспайды. Сондықтан теңіз жағасында орналасқан, туристік қаладағы үйлер әрдайым басымдылыққа ие. Дағдарысқа қарамастан үй алғысы келетіндер көп болады деп ойлаймын. Осыған орай баға да өзгермейді, тек қосымша арнайы жеңілдіктер ұсынылады. Мысалы, мен жұмыс істейтін компания пандемияға байланысты бөліп төлеудің мерзімін ұзартып, тұрмыстық техника түрінде бонустар беріп жатыр.

СОЛТҮСТІК КИПРДЕГІ ҮЙ БАҒАЛАРЫ НҰР-СҰЛТАНМЕН БІРДЕЙ

— Кипрдегі пәтерлердің бағасы қанша мыңнан басталады?

— Жақсы үйлер $60 мың басталады. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы үйлермен бірдей-ақ. Әрине, бұдан арзан бағаға да табуға болады, бірақ кейін заңдық тұрғыдан проблемалар болмас үшін, тексерістен өткен, сенімді салушыдан алғыңыз келсе, баға жағынан айырмашылық болады.

— Грекия мен Түркия қауымдастығының дәл ортасында тұрған Солтүстік Кипрден үй алу қаншалықты қауіпсіз? Заң тұрғысынан қандай да ережелер бар ма?

— Біз Түркияға жататын аймақтамыз. Мұнда да жылжымайтын мүлік сатып алған соң, сен соның заңды иесі болып таныласың. Келісімшарт жасасқан кезде, сенің мүддеңді қорғайтын адвокаттар міндетті түрде болады. Салушыдан үй алар кезде жердің соның атында екеніне көз жеткізген дұрыс. Себебі, үй салумен айналысатын ірі құрылыс компанияларына жер аумағы заң тұрғысынан тиесілі екенін білсең,  келісімшартқа отырар кезде өзің де сенімді боласың. Кейде жер грек-кипрлыққа тиесілі боп, салушылар құрылысты бітірген соң иесі келіп, жер телімін қайтаруды сұрайтын сәттер де орын алып жатады. Одан бөлек, ел ішінде белгіленген ережелер олар барлық жағдайды бақылап, ішкі қауіпсіздікті қадағалап отыратын БҰҰ өкілдері бар.  Сол себепті, бұл тұрғыда еш уайымдаудың қажеті жоқ.

— Кипрден үй алатын қазақстандықтар көп пе, негізінен ол жақтан үйді көбіне кімдер алады?

— Жыл сайын үй алғысы келетін қазақстандықтардың саны көбеюде. Тіпті, мұнда қазақ диаспорасын ашуды да жоспарлап жатыр. Нақты санын білмеймін, бірақ өткен жылы инвест-салым ретінде, демалыс ретінде де үй алушы қазақстандықтардың саны көп болды. Жалпы, мұндағы үйлер бөліп төлеп алу жағынан өте ыңғайлы болғандықтан, түрлі контингент алады.

— Отандастарымыз Кипрден үйді демалу үшін ғана сатып алып жатады дейді. Бұл қаншалықты рас? Сіздің қазақстандық клиенттеріңіздің көпшілігі қандай мақсатта алады?

— Көпшілігі демалыс кезінде келіп кетуге алады, арасында осы жақта өмір сүруге қалатындары да бар. Кейбір қалталы қазақстандықтар пәтерлерді жалға беріп, кәсіппен айналысу үшін сатып алып жатады.

— Орта есеппен, Кипрден үй алатын қазақстандықтардың бір айдағы саны қанша?

— Ол жағын нақты есептеп айта алмаймын. Бірақ соңғы жылдары отандастарымыз белсенді түрде осы жақтан үй алып жатыр. 

ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ДЕМАЛЫС ПЕН АҒЫЛШЫН ТІЛІ КУРСЫ

— Кипрде шет тіліне арналған түрлі курстар көп. Ағылшын тілін үйренгісі келетіндерге арналған қандай тиімді бағдарламалар бар?

— Мұнда ағылшын тілін үйренуге жақсы мүмкіндіктер жасалған. Біздің компания бұл қызмет түрімен де айналысады. Яғни, университет базасында Фамагуста мен Гирна қалаларында шілде мен тамыз айларында тіл үйренуге арналған лагерлер ашылады. Ол жерге түрлі жас деңгейіндегі балалар мен студенттер келіп, ағылшын тілін үйрене алады. Курс аяқталған соң, қатысушыларға арнайы сертификат тапсырылады. Ағылшын тілін үйренуді теңіз жағасындағы жақсы демалыспен біріктіруге мүмкіндік бар. Әр университеттің студенттерге ғана арналған жекеменшік жағажайы бар. Бос уақыттарда түрлі конкурстық іс-шаралар, тарихи орындарға саяхаттар ұйымдастырылады. Мұндағы университеттердің сапасы жоғары. Біз серіктес ретінде жұмыс істейтін Шығыс Жерорта теңізі университеті әлемдік рейтингте үздік 50 қатарында. Әлемнің 50 елінен келген студенттерді оқытатын оқу орнының 40 жылдық тарихы, құрамында 20-дан астам факультеті бар. Осы университет арқылы Америка және Англияға студенттерді «Академиялық айырбастау» бағдарламасы бойынша жіберуге болады. Білім жүйесі кембриждік болғандықтан, оқытушылар құрамы Британиядан.

ӨСІМСІЗ ИПОТЕКА, БІР ҒАНА ҚҰЖАТ

— Марал ханым, сіз Қазақстанда банкте жұмыс істедіңіз. Солтүстік Кипрдегі банктердің үйлерге пайыздық өсімі қандай, Қазақстанмен салыстырғанда артықшылықтар бар ма?

 Көп уақыт бойы солтүстік Кипр саяси себептермен мойындалмағандықтан, біраз уақыт бұл ел туралы қазақстандықтардың көпшілігі білмеді. Менің өзім мұнда алғаш келген кезді біздің туристік агенттіктің өзі грекиялық тараптан ғана хабардар болған еді. Грекиялық құрылыс компаниялары клиенттерді түрлі бөліп төлеу бағдарламалары арқылы өздеріне тартуға тырысады. Біздің жақпен салыстырар болсақ, мини-ипотека ғой. Бірақ біз Қазақстанда ипотекаға жеткілікті мөлшерде пайыз төлейміз, ал бұл жақта жылжымайтын мүлікті бөліп төлеу пайызсыз 2 жылдан 5 жылға дейін беріледі. Қазақстанмен салыстырғандағы басты артықшылығы — клиент алған үйінде тұрып, пайызсыз ақысын өтей береді. Кіріс туралы немесе зейнетақыны тұрақты төлеп тұратыныңыз туралы  анықтамалар, қосымша мүлкіңізді кепілге  қою қажет емес.  Паспорт, ақша және қалауыңыз болса, сол да жеткілікті.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан