Жылан - байлықтың нышаны
Санаулы күндерден кейін 2024 жыл да тарих қойнауына енеді. 2025 жылы шығыс күнтізбесі бойынша жылан жылы кіреді. Келер жыл еліміз бен әлем үшін қандай өзгерістер әкелмек? Нумеролог Құралай Бақытқызына хабарласып, болжамын сұрап білдік, деп жазады Azattyq Rýhy.
Маманның айтуынша, 2025 жылы кіретін жылан жылы - Ағаш жылан.
«Ағаш стихиясына келетін болсақ, ол өте баяу. 2024 жылы да жыл баяу, уақыт ақырын өтеді деп болжам жасадық. Оны көп адам түсінбеді. Бірақ ақпанда сағат бір сағат артқа жылжыды. Адамдар көп жоспарын іске асырып, денсаулығына көп көңіл бөлген жыл болды. Осы қарқын келесі жылы жалғасын табады. Келесі жыл да баяу өтеді, мүмкін 2026 жылға қарай сағатты қайта ауыстыруы мүмкін. Бірақ 2025 жылдың энергетикасына сай, уақыт баяу өтуі керек. Билік оны білуі керек, себебі халық қанша сұрап жатса да сағат ауыспады. Осы уақыт келесі жылдың кем дегенде жарты жылына дейін сақталғаны да дұрыс», - дейді ол.
Құралай Бақытқызының айтуынша, ағаш жылы қыс суық болмай, көктем ерте шығуы керек.
«Осы жылғыдай өңірлерде су тасқыны сынды жағдайлар болмауы үшін су жағынан қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Келер жылды медицина, тіл үйрену жылы деп айтуға болады. Мүмкін, үкімет тарапынан қазақ тілін дамытуға, шет тілдерді дамытуға қатысты бағдарламалар болуы мүмкін. Оқу және медицина жылы болғандықтан, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көбейіп, біліктіліктері артып, еңбектері бағалана түседі», - дейді Құралай Бақытқызы.
Оның айтуынша, 2025 жылдың энергетикасы шығыс болып отыр.
«2024 жыл да ағаш стихиясы болды. Бұл жылы кім шығысқа бет алады, сол адам ұтады дедік. Президент жылды Қытай жылы деп жариялады. 2025 жылы да Қытайға деген жоспар көп. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда қарқынды дами түседі. 2024 жылы да Қытаймен көп адам сауда жасады. Блогерлер арасында да оны көруге болады. 2025 жылы Қытай электромобильдерін біздің нарыққа көптеп шығарады. Ал Қазақстан Қытаймен сауда жасап инвесторлармен жұмыс істесе, еліміз өседі. Келер жылы кәсіп, сауда жағына бет бұру керек. Әсіресе, шығыс елдерімен», - дейді маман.
Нумерологтің айтуынша, 2025 жылдың саны 9 болып отыр, 2024 жылы бұл сан 8-ге тең еді.
«Биылды астрологтар «карма жылы» деп дүрліктірді. Мен болжам жасағанда, 2024 жылды гравитация жылы деп айттым. Биыл шынымен, жер сілкінісі көп болды. 9 саны көбінде қорытындылау, аяқтау жылы. Әлем біраз қиыншылықтарға тап болуы мүмкін. Мысалы, катаклизм мен эпидемия, көп жағдай табиғи апаттарға байланысты болуы мүмкін. 2024 жылы соғыс тоқтамайды деп айтқан едім. Ал 2025 жылы бейбітшілік болады. Себебі жыл баяу әрі бейбіт өтуі керек. Сандардың аналитикасы бойынша 1945 жылы соғыс тоқтаған. Айналым бойынша 2025 жылы осындай жыл келіп тұр. Ресей мен Украина арасындағы соғыс аяқталуы әбден мүмкін», - дейді Құралай Бақытқызы.
Оның айтуынша, 2026-2027 жылдары жасанды интеллект, технологиялар бойынша әлемде төңкеріс болады.
«Осы сала қарқынды дами түседі. Осы жылдары әлемдік прогресс жылдары болады. Ал 2025 жылы жадқа байланысты жыл. Тіл үйрену, оқу деп айтқанымыз да содан. Жапония сынды шығыс елдері чиптеу саласында жаңалық ашады. 2026 жылы жүзеге асырылатын барлық әзірлемені 2025 жылы бастайды»,- дейді ол.
Бұл жылы Қытайдың айы оңынан туады. Америка да табысқа кенеліп, байи түседі.
«Қазақстан үшін де табысты жыл. Жалпы 9 саны үйленуге, балалы болуға ыңғайлы болмақ. Демография саны арта түседі. Кітап оқу, тіл үйренуді дамытуды кітапханалар салынуы мүмкін. Қазір әлеуметтік желіде отырса, келер жылы қағазбен жұмыс, кітап оқуға көңіл бөледі. 2025 жылы ғалым, саясаткер мен тіл мамандаранының жылы болмақ. Жасылдандыру, экономика және білім жылы деп айтуға болады», - дейді ол.
Қытай күнтізбесі бойынша жылан байлықты, асыл тастарды күзететін тотем.
«Жылан көп жағдайда байлық пен даналықты бейнелейді. Сондықтан халық байып, даналанады», - деп түйіндеді Құралай Бақытқызы.