«Әйелдерге жалақы аз төленеді»: Корея асқан қазақ қызы елге қашан оралатынын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінде Кореяда жұмыс істеп жатқан қазақтардың саны артып келеді. Күнкөріс қамымен шетел асып барғандардың көпшілігі визасыз жұмыс істеп жүр.

Балнұр есімді кейіпкеріміз (аноним болуды қалаған қазақ қызының есімін өзгертіп беріп отырмыз) Кореяға өткен жылдың жаз айында туысымен бірге аттанған. Жұмысты олар Алматы қаласында жарнама арқылы іздеп, туристік агенттіктердің көмегіне жүгінген. Алайда агенттіктегілер қыздардан 430 мың теңге ақы сұраған.

«Қазақстанда шетелден жұмыс тауып беретін біраз агенттік компаниялар бар екен. Бірақ біз таныстар арқылы жұмысқа тұрдық. Яғни олар бізді өздерінің істеп жатқан жұмыс орнына шақырды», - дейді кейіпкеріміз.

Кореяда шетелдіктерге ұсынылған жұмыстардың бірнеше түрлері бар. Соның бірі - арбайт, күнделікті түрлі жеңіл жұмыстар. Бірақ арбайт тұрақсыз болып келеді, өйткені ауа-райы бұзылған кезде жұмыс тоқтап қалады. Екіншісі - коңджаң деп аталды. Бұл зауыттардағы күнделікті жұмыс. Сенбі, жексенбі күндері демалуға рұқсат. Жұмысшы қаласа кейде сенбі күні жұмысқа шығып қосымша ақы алуына болады.

«Жұмыстың деңгейі физикалық тұрғыдан әртүрлі болуы мүмкін. Денсаулыққа зиян келтіретін ауыр жұмыстар да бар. Бірақ Кореяда ер кісілерге қарағанда әйел кісілердің еңбегіне ақы аз төленеді. Сондықтан әйел адамға жұмыс зауыттарда болғаны дұрыс. Өйткені зауытта барлығына жалақы бірдей төленеді», - деп түсіндіреді Балнұр.

Қазақстандықтардың қазіргі жұмыс орны сұрыптау қызметін көрсететін зауытта екен. Олар күнделікті жұмысшылармен бірге өздеріне бөлінген жұмысты істейді.

«Қазір біз  пульт, модем, теледидар, кондиционер, мұздатқыш сияқты техникаларды бұзып, сұрыптап, өз қапшықтарына, қорапшаларға реттейтін зауытта еңбек етіп жүрміз.  Жұмысымыз қатты ауыр емес деп айтар едім»

Жұмысшылардың тұрғылықты пәтерлері де әртүрлі болып келеді. Чутек, уанрум, апате, кисукса деген бөлмелер мен үйлерді жалға алуға болады екен. «Чутек»- қаланың шет жақтарында орналасқан мобильді байланысы төмендеу аудандарындағы жер үйлер. Ал «апате» қаланың ішінде барлық жағдайлары бар бір бөлмелі шағын пәтерлер. Олардың барлығы бір-біріне ұқсас болып келеді. «Кисукса» біздегі жатақханаларға ұқсас, асханалары, әжетханалары ортақ. Ал кейіпкеріміз «уанрум» деп аталатын бір бөлмелі пәтерде тұрады екен.

Кореяда шетелдік жұмысшыларға деген тұрғындардың көзқарастары оң. Ал корей тілін білмейтіндер мұнда көп кездеседі.  

«Негізі кореялықтарға деген көзқарасым жақсы. Мұнда 30-ға дейінгі ересектерге балаға қарағандай қарайды. Өйткені кореялықтар өте кеш үйленетіндіктен, олар отыз жасар балаларын еркелетіп, көп міндеттер артпайды. Кореялықтардың кішіпейілдігі мен жанашырлығы қатты ұнайды. Қазір мен корей тілін үйреніп жүрмін. Бірақ мен сияқты зауытта істейтіндерге тіл білмеу әбестік емес. Ым-ишарамен де үндеместен өз жұмысыңды атқара беруге болады», - деп жауап берді кейіпкер.

Кейіпкеріміз Корея елінде визасыз жүре беруге болады деп есептейді. 4-5 жыл визасыз осында жұмыс істеп жүрген азаматтарымыз да жетіліп артылады екен.

«Әрине босқындар визасымен жұмыс істеуге болар еді. Бірақ біз мұнда ұзақ уақытқа қалуды жоспарлап отырған жоқпыз. Мұнда жеткілікті қаражат тауып алған соң елімізге қайта ораламыз деген ниеттеміз», - деп ағынан жарылды қазақ қызы.

Майра Мырзахметова, Нұр-Сұлтан