Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ даласынан 1,3 млн жауынгер аттанған
Бүгінгі Жеңіс күні мерекесін Солтүстік Қазақстан облысында 52 ардагер қарсы алды. Солардың бірі Петропавл қаласында тұратын Қожатай Некібаев. Қарт майдангердің жасы 95-те. Зайыбы Айша әжей екеуі дүниеге 10 бала тәрбиелеген. Соғыс ардагері жыл сайын өтетін мерекелік шеруден қалыс қалған емес. Биыл төтенше жағдай жариялануына байлынысты бұл мерекеде үйде отыруға мәжбүр. Көпті көрген көнекөз қария уақытын зая өткізбейді. Денсаулығына байланысты көп уақыт отыру қиын болса да, қолына қалам мен қағаз алып, естеліктер жазады. Өткен өмірі жайлы кеше ғана болғандай әңгімелейді, барлығы жадында сақтаулы. Қожатай Некібаевпен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
- Соғысқа аттанғанда неше жаста едіңіз, майданнан қашан оралдыңыз?
- 1941 жылы соғыс басталғанда 16 жаста едім. Көрші ауылдың орта мектебінде 7-сыныпта оқып жүрдім. Елдегі бас көтерер ер азаматтардың барлығы майданға кетті. 18 бен 45 жас аралығындағы жігіттердің барлығы соғысқа аттанды. Әскери комиссарияттан бір келгенде 30-40 адамды бір-ақ әкетеді. Қысқы мал азығын дайындайтын адам жоқ. Ауылда кәрі-құртаң мен 12-13 жастағы балалар ғана қалды. Колхозда еңбек күшінің тапшылығы туды. Сондықтан оқуымды тастап, үйге қайтуға мәжбүр болдым. Қорадағы малды жайлаймыз, үйдің барлық шаруасын атқарамыз. Колхоздың жұмысына араластық. Комбайн жоқ, шалғымен егін ордық. Ал, неміс әскері Кеңес үкіметінің аумағына ентелей берді. Сондықтан иығына қару асынуға жарайтындардың барлығы әскерге шақырылды. 1943 жылы әскери комиссарияттан біз де шақырту алдық. 18-ге толар-толмаста соғысқа кете бардық. Бірден әскери қалашыққа апарды. Дайындықтан өткізді. Ұрыс қимылдарын, қару-жарақтың тілін меңгердік.
- Алғаш рет соғысқа араласқаныңыз туралы айтып берсеңіз?
- Фашистерді Ресей аумағынан шегіндірген шақ. Енді оларды Украина мен Беларуссиядан шығару керек болды. Алғаш рет қолыма винтовка алып, Украинада соғысқа шықтым. Одан кейін Румыния, Венгрия, Чехословакия, Австрия жеріне өттік. Оның барлығын тарихи әдебиеттер мен оқулықтардан да білесіздер. Сондықтан тізіп отырудың да қажеті жоқ. 1945 жылы Австрия астанасы Венаны босатып, бұйрық күтіп отырғанда Жуков пен Коневтің әскері Польша арқылы Берлинге кіріп, 30 сәуір күні Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. 9 мамыр «Жеңіс күні» деп жарияланды. Соғыстың аяқталғанына бірден сене алмадым.
- Соғыс аяқталғанымен, жауынгерлердің көбі елдеріне бірден орала алмады. Сіздің табаныңыз туған жердің топырағына қашан тиді?
- Соғыс аяқталған соң Украинаға келдік. Жасы үлкен солдаттарды үйлеріне жіберді де, бізді алып қалды. 1925-1926 жылы туғандар әскери қызметті әрі қарай жалғастырды. Алты жыл жүріп, үйге 1948 жылдың мамырында келдім. Үйленіп, шаңырақ көтердік. Он баланың ата-анасы атандық. 72 жыл отастық. Өкінішке қарай зайыбым биыл қаңтарда дүние салды.
Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты Орталық ауылдық мектебінде 32 жыл мұғалім болдым. 45 жыл осы ауылда отырдық. Сол жақта зейнетке шығып, кейін қалаға көштік. Өмірдің ыстығын да, суығын да бірге көрдік. Осындай жасқа келуді армандаған да жоқпын. Шүкіршілік етемін. Бақыттымын. Адамға одан артық ешнәрсе керек емес.
- Уақыт ұзаған сайын із көмескілене береді. Соғыстың аяқталғанына 75 жыл болды. Оны ұмыту мүмкін бе?
- Осы соғыстың біз үшін ешқандай қажеті жоқ еді. Кеңес Одағының өзінде 20 миллионға жуық адам жайдан-жай қыршынынан қиылды. Қаншама техника қирады. Алапат соғыстан келген материалдық шығын жайында айтудың өзі қиын. Тек адамзат тарихында мұндай күндер қайталанбасын. Әркім өз шамасына сай еңбек етсе, елімізде бейбітшілік болса екен деп тілеймін.
Арада 75 жыл өтсе де, сұрапыл соғыс әлі күнге көз алдымда сайрап тұр. Аспан мен жердің айырмашылығы болмай қалды. Бәрі көк түтінге оранып, қызыл қанға боялды. Жау ұшақтары төбемізден ерсілі-қарсылы ұшып, бомба тастайды. Окопта тығылып жатамыз. Қаңғырған жарықшақтар талай адамның өмірін жалмады. 45 жасқа дейінгі адамдардың барлығын соғысқа алып барды. Олардың көбі оқымаған, сауаты жоқ. Тіпті қаруды қалай ұстап, ату керектігін білмейтіндер де болды. Қарапайым ауыл тұрғыны оны қайдан білсін? Затворды ашып, қаруды оқтай алмайтын. Оны түсіндіруге де шама жоқ. Сол күйі өліп кеткендер қаншама?! Алланың сақтауымен ғана аман қалдық. Шынымды айтсам, өзім осы күнге жетемін деп ойлаған жоқпын. Тіпті, соғыста аман қалатыныма сенбедім.
- Жыл сайын Жеңіс күні мерекесін қалай қарсы аласыз?
- Жыл сайын мамырдың басынан-ақ біз үшін меркеке басталып кететін. Биыл карантиннің кесірінен есік алдына да шыға алмай отырмыз. Сәуір айынан бері сыртқа шыққан жоқпын. Бүгін қазақша күрес ұйымдастырып, ат шаптырып той жасайтын күн еді. 75 жылдан бері бейбіт күнде өмір сүріп келеміз.
- Мереке құтты болсын! Сұхбатыңызға рахмет!
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО